29 Наурыз, Жұма

Әдебиет

Ағайынды Гриммдер
Ағайынды Гриммдер — неміс халық мәдениеті зерттеушілері мен лингвисттері.

Ұр, тоқпақ...


Ерте, ерте, ертеде бір тігінші өмір сүріпті. Оның жан дегенде үш ұлы, мал дегенде жалғыз ешкісі болыпты. Ешкісі отбасын сүтпен асырапты. Сондықтан оған күтім жасап, күн сайын өріске шығарып жайылтып отырады екен.

Ұлдары ешкіні күн сайын кезекпен бағады екен. Бір күні үлкен ұлы ешкісін зираттың маңына жайылту үшін жетелеп алып кетеді. Себебі, бұл жердің шөбі бітік те биік өскен, әрі құнарлы болатын. Бұл жерге келген соң ешкі шөпті бырт-бырт үзіп жеп, секіріп ойнап жайылып жүреді. Кешке таман жайылымнан үйге қайтар алдында үлкен ұл ешкіден былай деп сұрайды:

— Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба?

Сонда ешкі оған былай деп жауап береді:

— Күні бойы жайылып, әбден тойдым,

Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! Мә-һә-һә!

— Жарайды, жақсы болды, онда үйге қайтайық, — дейді балақай. Сөйтіп ешкісін мойын жібінен жетелеген бойы қораға алып келіп, мықтап байлап қойды.

— Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші баласынан, — жайылтқан ешкің шөпке әбден тойды ма?

— Әрине, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің әбден тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға шамасы жоқ.

Бірақ әкесі ұлының бұл айтқанына өзі көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, сүйікті ешкісін мойнынан сипап отырып, былай деп сұрайды:

— Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба?

Сонда ешкі оған былай деп жауап береді:

Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы?

Айналып жүрдік күні бойы зиратты.

Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың,

Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә!

— Өз құлағыма өзім сенейін бе, сенбейін бе! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан ашулана атып шығып, ұлына жетіп келіп былай дейді:

— Ай, өтірікші балам-ай, ешкі шөпке әбден тойды дегенің қайда? Ал ол болса мүлде аш қалыпты ғой! — деп, ашуы қайнаған тігінші қабырғада ілулі тұрған өлшеуіш таяқты ала салып, ұлын арқадан аямастан ұрып-ұрып жібереді де: «Көзіме көрінбей, жоғал!», — деп қуып жібереді.

Келесі күні ешкі бағу кезегі ортаншы ұлға келеді. Ол таяудағы бақтың ішінен, шарбақтың маңынан шөбі шүйгін өскен тамаша бір жерді таңдап тауып алады, ешкі тыпыр етпестен күні бойы сонда жайылып, сол маңның шөбін тегіс жеп тауысады.

Кешке таман, үйге қайтуға беттеген кезде ортаншы ұл ешкіден:

— Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? — деп сұрайды.

Сонда ешкі оған былай деп жауап береді:

— Күні бойы жайылып, әбден тойдым,

Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә!

— Жарайды, ендеше, онда үйге кеттік, — дейді қуанған балақай. Ешкісін жетелеген бойы қораға алып келіп, мойнынан мықтап байлап қойды.

— Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші ұлынан, — ешкің шөпке әбден тойды ма?

— Әрине, — деп жауап береді ортаншы ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ.

Бірақ тігінші бұған өзі әбден көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, ешкіден сұрайды:

— Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба?

Сонда ешкі оған былай деп жауап береді:

Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы?

Айналып жүрдік күні бойы зиратты.

Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың,

Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә!

— Мен не естіп тұрмын өзі! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ортаншы ұлына келіп былай дейді:

— Ой, оңбаған қаскүнем! — деп, айғай салады тігінші — осындай момақан ешкіні қалай ғана дәтің барып күні бойы аш қалдырасың а! — Сөйтіп ол қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғына ала салып, ұлын сілейте ұрып-ұрып, оны да ауладан шығарып, беті ауған жаққа қуып жібереді.

Ешкі жаю кезегі кіші ұлға да келіп жетеді. Ол бұл істі тыңғылықты атқармақ болып жоспарлайды: жоңышқалы-жапырақты қою шалғын жерді тауып алып, ешкіні сонда жайылта бастайды. Кешке таман, үйге қайтатын мезгі таяғанда ол да ешкіден:

— Ешкім, ешкім, шөпке әбден тойдың ба? —деп сұрайды. Сонда ешкі иесіне былай деп жауап береді:

— Күні бойы жайылып, әбден тойдым,

Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә!

— Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп балақай ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды.

— Ал, балам — деп сұрайды кәрі тігінші, — ешкіңді шөпке әбден тойдырып әкелген шығарсың?

— Иә, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ.

Бірақ тігінші бұған да сенген жоқ, қораға барып өзі қораға барып, ешкіден сұрайды:

— Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба?

Сонда ешкі оған былай деп жауап береді:

Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы?

Айналып жүрдік күні бойы зиратты.

Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың,

Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә!

— Мен не естіп тұрмын! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ұлына келіп былай дейді:

— Ой, оңбаған хайуан! — деп, айғайға басады тігінші — бұлардың барлығы да көкжалқау әрі нағыз оңбағандар екен ғой! Бұдан әрі мені ақымақ қыла алмайсыңдар! — деп бұлқан-талқан ашуланған тігінші қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғымен байғұс баланың арқасынан аямай ұрып-ұрып жіберді. Бала болса, әрең дегенде құтылып, үйден қаша жөнеледі.

Кәрі тігінші сөйтіп балаларын қуып жіберіп, өзінің ешкісімен ғана қалды. Ертеңінде таңертең ол қораға кіріп, ешкісін еркелетіп, сипап тұрып былай дейді:

— Жүре ғой сүйікті шөкелегім, сені жайылымға мен өзім апарайын.

Сөйтіп ол ешкісінің мойын жібінен ұстап алып жетелеген қалпы ешкілер сүйсіне жұлып жейтін шөптесін ағаштар мен өзге де өсімдіктерге толы жасыл бұталы алқапқа апарады.

— Мұнда алғаш рет алып келдім, мейлінше тоятының анық, — деп ол ешкісін кешке дейін жайылуға қалдырады. Сөйтіп кешке қарай ол ешкісінен сұрайды:

— Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба?

Сонда ешкі оған былай деп жауап береді:

— Күні бойы жайылып, әбден тойдым,

Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә!

— Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп тігінші ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. Үйіне кіріп кетеді де, біраздан кейін келіп сұрайды:

— Ал ешкіжан, енді қарным тоқ деп айтатын шығарсың?

Бірақ ешкісі бұл жолы да тігіншіге оның ұлдарына айтқан сөзін қайталайды:

Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы?

Айналып жүрдік күні бойы зиратты.

Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың,

Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә!

Мұны естігенде тігінші сілейіп тұрып қалады. Ол өзінің үш ұлын жайдан жай үйінен қуып жібергенін енді түсінді.

— Бәлем сені ме, — деп айқай салады ол, — жақсылықты ұқпайтын хайуан екенсің! Сені қуып жіберудің өзі аз, мен саған адал да шыншыл тігіншіні алдағаның үшін ендігәрі ешкімнің көзіне көрінбейтіндей қылып масқаралаймын қазір!

Ол сөйтеді де қорадан жүгіріп шығып, ұстарасын алып келіп ешкіні тұқыртып тұрып, басының жүнін түгелдей қырып тастайды. Содан кейін қамшысын қолына алып, әбден төпелеп ұрғаны соншама, ешкі алды артына қарамай зыта жөнеледі.

Сөйтіп тігінші үйінде балалары да, қорасындағы жалғыз ешкісі де жоқ, жалғыз қалады. Жалғыздығына қатты қапаланған ол ұлдарын қайта қайтарып әкелмек болады, бірақ оларың қайда кетіп қалғанын ешкім білмейді.

Үлкен ұл сол кеткен бойы бір балташыға көмекші болып орналасады. Сөйтіп одан балташылықты үлкен ықылас, ынтамен үйренеді. Әбден үйреніп болған соң жер дүниені кезіп, жұмыс іздеуге шықпақ болады. Шебер оған кәдімгі ағаштан жасалған, сыртқы түрі де соншалықты әдемі емес, бір шағын үстелше береді. Бір ерекшелігі — бұл үстелшенің тылсым қасиеті бар еді. Оған: «Үстелшем, дастарқан жай!» — десе болды, мейірімді үстелшенің бетінде көзді ашып жұмғанша мол дастарқан жайылып, үстіне табақтар қойылып, жанына пышақ пен шанышқылар келтіріліп, пісірілген, қуырылған тағамдардан үстелдің беті қайысатын еді және де жүректі шаттыққа бөлейтін тәтті қызыл шараптың үлкен бір стақаны көзге айрықша түсер еді.

Жас шебердің басына бір күні: «Осының өзі де бүкіл ғұмырыма жететін нәпақа емес пе!» — деген ой келеді. Сөйтеді де, өзіне өзі аса бір риза кейіппен бұдан былай жер дүниені шарламаққа аттанып кете барады. Жігітті алдан кезігетін қонақүйлер жақсы ма, жаман ба, онда жейтін тамақ бар ма, жоқ па деген сұрақтар еш қызықтырмайды. Кейде тіпті ол қонақүйлерге бармайтын да еді: дала ма, орманның іші ме, көк шалғын ба, кез келген жерге келгенде, көтеріп жүрген үстелшесін жерге қоя салып: «Үстелшем, дастарқан жай!» — дейді. Айтып ауыз жиғанша, нені қалайды, соның бәрі үстелдің үстінен табыла кетеді.

Ақыры күндердің күнінде ол әкесін сағынып, үйіне қайта оралғысы келеді, — әкесіне деген ашу, өкпесі әлдеқашан тарқаған еді, әрі мынадай үстелшемен оралса, ақсақал да қайта қуаламас еді. Сөйтіп үйіне беттеп келе жатқанда ол бір оқиғаға тап болды: адасып жүріп бір қонаүйге келеді. Қонақүй қонақтарға лықа толы екен. Олармен аман-сәлем алысқан соң қонақтар жігітті үстелге бірге отырып тамақтануға шақырады, олай болмағанда дәмді тамақ жеу қиын екендігін айтады.

— Жоқ, — деп жауап қатады жас балташы, — сіздердің тамақтарыңызға қалай ортақтаспақпынғ онанда сіздер менің қонағым болыңыздар.

Олар өзара ду күлісіп, бұл жігіт өздерін мазақ етіп отыр деп ойлайды. Бірақ ол өзінің ағаш үстелшесін бөлменің ортасына орналастырады да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтқаны сол екен, көзді ашып жұмағанша үстелдің бетінде осы қонақүй иесінің өзі өмірі татып көрмеген тәтті тағамдар пайда болады. Тамақтың тәтті иісі қонақтардың мұрынын қытықтай тәбеттендіре түседі.

— Ал, қанеки, бастайық, құрметті достар, — дейді балташы.

Қонақтар да не істеу керек екенін бірден түсініп, артық сөзге келіп жатпады. Үстелге отырып, шанышқы, пышақтарын қолдарына алып, тамақ жей бастады. Олардың бәрін таңдандырғаны — бір тамақты жеп бола бергенде, оның орнына көзді ашып жұмғанша келесісі өздігінен пайда бола кететіндігі болды. Қожайын шет қонақтардың шет жағында осы әрекетке қарап тұрған еді, ол: «Мұндай аспаз менің қонақүйімде болса, жаман болмас еді», — деген ойға келіп, мұны оған қалай айтарын білмей басы қатты.

Балташы мен қонақтары түн ортасы ауғанша көңілдене тойлатты. Ақыры бәрі ұйқыға бас қойды. Жас шебер де сиқырлы үстелшесін қабырғаға іліп қойып, олармен қатар жатып, ұйықтауға жатты. Бірақ қожайынның ойы осы бір сиқырлы үстелде болып, өзін өзі қоярға жер таппады. Ақыры қоймада осы үстелден дәлме-дәл айнымайтын бір үстел бар екендігін екіне түсірді. Сөйтті де сол үстелді алып келіп, ешкімге білдірместен сиқырлы үстелшені өзінің үстелімен ауыстырып қойды.

Ертеңгісін балташы түнеп шыққан ақысын төлеп, ойында ештеңе жоқ, ауыстырып қойған үстелді көтеріп алып, ары қарай жол жүріп кете барады. Түс ауа өз үйіне жетеді, әкесі оны үлкен қуанышпен қарсы алады.

— Ал, қымбатты ұлым, үйден кетіп қалған уақытыңда қандай өнер үйреніп қайттың? — деп сұрайды әкесі баласынан.

— Мен балташы болып шықтым, әкетайым.

— Бұл дегенің тамаша өнер ғой, — деп жауап қатады қарт, — ендеше, дүниені шарлап жұмыс істегеніңнің ақысына не алып келдің?

— Әкетай, сізге әкелген ең қымбат затым — мына үстелше.

Тігінші үстелдің төрт қырын бірдей айналдыра қарап ұлына былай дейді:

— Жарайды делік, бірақ мұның ескі әрі жаман, нашар жасалған дүние ғой.

— Бірақ бұл «үстелше, дастарқан жай» деп аталатын ғажайып қой, — деп жауап береді ұлы, — егер дастарқан жайылсын деп әмір берсеңіз, үстелдің бетінде әп сәтте тәтті тағамдар, тіпті жан жадыратып, көңілдендіретін шарап та пайда болады. Ал, ендеше туыстар мен достарыңызды шақырыңыз, үстел бәрін тамақтандыра алады, олар да бір ас ішіп, ауқаттанып, тойлатып қайтсын.

Сөйтіп қонақтар жиналды. Балташы жігіт үстелін алып келіп бөлменің ортасына қояды да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтады. Бірақ үстелі тіпті қыбыр еткен де жоқ, өзге кәдімгі тіл түсінбейтін үстелдер тәрізді, үсті бос қалпы тұра берді. Байғұс балташы шәкірт үстелдің ауыстырылғанын түсінді. Әрі қонақтардың алдында өтірікші болып қалғанына қатты ұялды.

Мұның қылығына күлген туыстарының тамақ ішеміз деп ойлаған ойлары іске аспай, үйді-үйлеріне қайтады. Тігінші өзінің шүберектерін қолына алып, тігін тігуге кіріседі, ал ұлы шеберханаға жұмысқа тұрады.

Ортаншы ұлы бір диірменшіге кез болады да, соның үйренуші көмекшісі болып орналасады. Оқып үйрену мезгілі аяқталғанда шебер ұстазы оған былай дейді:

— Сен жақсы жұмыс жасадың.Сондықтан мен саған бір есек бермекшімін. Бұл — жай есек емес, ерекше қасиеті бар есек, — оны арбаға жегуге жарамайды, онымен қап тасып пайда таппайсың.

— Ондай болса, ол маған не үшін қажет болмақ? — деп сұрайды жас шәкірт.

— Ол алтын құсады, — деп жауап қатады наубайшы, — егерде оның аяқ астына орамал жайып тұрып: «Бриклебрит!» — деп айтар болсаң, мейірімді жануар алдына қарай алтын құса бастайды.

— Бұл жақсы екен, — деп жас шәкірт шеберге рақметін айтып, дүниені кезіп, шарлау үшін жолға шығады. Ақша керек болған кезде ол өзінің есегіне: «Бриклебрит!» деп қалғанда әп сәтте алтын жаңбыр жауып кетеді, тек оларды жерден теріп көтеріп алу ғана жұмыс болып саналыпты.

Жас диірменші қайда кіріп келсе де, ең жақсы, қымбат деген заттар оның алдына тартылатын болыпты, себебі, оның әмияны әрқашан ақшаға лықа толық еді.

Жер жаһанды әбден шарлаған ол ақыры былай деп ойланады: «Енді әкеме барып жолығатын уақыт та келген болар, бәлкім. Алтын есекпен барсам, ол маған деген ашу-ызасын ұмытып, жақсы қарсы алар». Сөйтіп үйіне қайтып келе жатқанда ол да ағасы сияқты жағдайға тап болды: ағасы үстелін айырбастатып алған сол қонақүйге мұның да түнеуіне тура келеді. Ол өзінің есегін ноқталап жетектеген қалпы айрылмайды. Қонақүй иесі есекті жетелеп апарып қораға кіргізбек болғанда, жас диірменші оған былай дейді:

— Абзалы, сіз әуре болмай-ақ қойыңыз, сұры есегімді қораға өзім апарып байлайын, оның қайда орналасуы тиіс екенін менің көріп-білуім қажет.

Қожайынға оның бұл сөзі бір түрлі сезікті көрінеді. Өз есегін өзі түнде бағып шығатын адам ақшаға кедей болуы тиіс деп ойлайды ол. Бірақ бейтаныс жігіт қалтасына қолын салып, екі құйма алтын алып шығып, ең жақсы тағамдарды әкелуді бұйырады. Қожайын таңданғаннан көзі шарасынан шығып, тұра жүгіріп, өзінде бар ең дәмді тамақтарды алып келіп алдына қояды.

Түскі астан кейін қонақ өзінің қанша ақы төлеуі керектігін сұрайды. Осы кезде араны ашылған қожайын барлығын екі есе артық ақы есептей отырып, тағы да екі алтын теңге төлеуі қажет екендігін мәлімдеді. Шебердің көмекшісі қолын қалтасына салып іздеп еді, онда ештеңе қалмаған екен.

— Қожайын, сіз сәл күте тұрыңызшы, — дейді ол, — мен барып сізге алтыныңызды әкеле қояйын, — деп өзімен бірге дастарқан ала кетеді.

Қожайын мұның қандай мәні барын білмесе де, білмекке құмарлықпен қонағының артынан баспалап еріп отырады. Ол атқораның есігін жауып алған кезде бұл саңылаудан сығалап қарап тұрады. Қонақ есектің астына жайманы төсеген соң: «Бриклебрит!» деп айқай салады. Көзд ашып жұмғанша есектің алды-артынан алтын төгіліп, жердің бетіне де бірталайы жауып қалды.

— Әнеки, бар мәселе қайда жатыр! — дейді қожайын, — Бұл дегенің кесек-кесек жаңа ақша ғой! Осындай дәу әмиянымен болса жаман болмас еді!

Қонақ түнемелік ақысын төлеген соң ұйқыға бас қойды. Ал қожайын болса түнде атқораға барды да, ондағы ақша жасау шеберін алып шығып, орнына басқа бір есекті байлап қойды.

Ертеңінде таң елең-алаңда шебердің көмекшісі алтын құсатын есегім екен деп, ештеңеден күдіктенбестен, есегін жетелеп алып үйіне қарай беттеді.тал түсте ол әкесіне келіп жетті, ол да баласын көріп қатты қуанып, жылы қарсы алды.

— Иә, айта ғой балам, сен не бітірдің? — деп сұрады қарт.

— Мен диірменші болдым, сүйікті әкешім, — деп жауап береді ол.

— Дүниені әбден шарлаған екенсің, үйіңе не әкелдің сонымен?

— Әкелгенім — мына бір есек ғана.

— Мұнда есектен көп нәрсе жоқ, — деп ескерте сөйлейді әкесі, — мұның орнына жақсы бір ешкі әкелсең болатын еді.

— Ол — сондай жақсысы, — деп жауап береді ұлы, — бұл жай ғана есек емес, алтын есек қой, мен оған: «Бриклебирт!» деп айтсам болды, ол төселген орамалдың үстіне алтынды үйіп тастайды. Қанеки, туыстарды шақырыңыз, мен олардың барлығын бай қылып жіберейін.

— Бұл ұнамды іс екен, — дейді тігінші, — ендігәрі инемен сығырайып азаптанып отырмайтын болдым. Сөйтеді де барлық туыстарын қонаққа шақырып келеді. Қонақтар жиналды. Сол кезде диірменші жігіт орынды тазалауды өтінеді де өзінің орамалын жайып, есекті бөлмеге жетектеп әкеледі.

— Енді бері қараңдар, — дейді ол «Бриклебрит!» деп айқай салады. Бірақ еденге топырлап түсіп жататын алтынның бірі де болған жоқ. Барлығы да бұл есектің ондай өнерден құралақан екенін түсінді. Расында да кез келген есек мұндайға қабілетті болуы мүмкін емес қой.

Байғұс диірменшінің кірерге тесік таппай ұялғаны сондай, туыстарынан кешірім сұраумен болды. Ол өзін алдап соққанын түсінді. Туыстарына да бәз баяғыдай, кедей қалпында үйлеріне қайтуға тура келді. Қарттың қайтадан ине-жібін қолына алуына тура келді. Ал диірменшінің шәкірті диірменге жұмысқа орналасты.

Кенже інілері үйінен кеткен соң бір темір ұстасына шәкірт болыпты. Қолөнершіліктің бұл түрі өте мұқияттылықты қажет ететіндіктен, оның үйреніп-меңгеруіне бәрінен де көп уақыт қажет болыпты. Ағалары болса оған хат жазып, жолда келе жатқанда қандай бақытсыздыққа тап болғандарын, қонақүйдің қожайыны өздеріне тиесілі сиқырлы мал-мүліктерін ұрлап алып қалғанын інісіне мәлімдейді.

Ақыры күндердің бір күні кенже ұл темірді жону-өңдеу өнерін толығымен үйреніп, жұмыс іздеп жер жаһанды шарлар уақыт жеткен кезде, үлгілі тәртіп-тәрбиесі үшін шебер ұстазы оған бір қап сыйлайды. Сыйлап тұрып былай деп тапсырады:

— Бұл қаптың ішінде тоқпақ бар.

— Иә, қапты иығыма арқалауға болатындықтан, оның маған қажеті түсінікті ғой. Ал, тоқпақпен не істемекпін? Оның қап ішіндегі ауырлығынан басқа пайдасы жоқ қой?

— Ендеше мен саған мұны түсіндірейін, — дейді шебер: — егерде сені кімде кім ренжітер болса, сен: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — десең болды. Сол сәтте-ақ ол қаптан шыға салысымен сол адамдарға ұмтылып, олардың арқасында тарсылдай жөнеледі. Тоқпақтан таяқ жеген адам «Ұр тоқпақ, қапқа кір!», — деп сен айтқанға дейін, таяқ жеген адам апта бойы қимыл-қозғалыссыз жатып қалатын болады.

Шәкірті қожайын шеберге рақметін айтып, қабын арқалап жолға шығады. Жолда өзіне әлімжеттік жасамақ болып таяп келген кімде кім болсын: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!» — деп айтып қалғанда, тоқпақ қаптан шыға сала шабуылшының шекпені немесе күртесінің сыртынан төмпештей жөнеледі. Өте жылдам ұратыны соншама, біреуін ұрып жатқан тоқпақ, көзді ашып-жұмағанша келесісіне жетіп келіп төмпештеп үлгереді.

Жас ұста жүре-жүре, бір күні кешке таман бәз баяғы өзінің ағаларын алдап соққан қонақүйге келіп жетеді. Қабын үстелдің үстіне қояды да, қонақтарға жер шарын шаралаған кезде көрген, естіп-білген алуан түрлі таңғажайыптар туралы әңгімелей бастайды.

— Иә, — дейді ол, — сондай ғажап бір өздігінен ас дайындайтын үстелшелер болады және де алтын мен түрлі нәрселерді шығаратын есектер де болады; олар әрине, айтар жоқ жақсы нәрселер, оларды жамандауға аузым бармайды, бірақ менің қолыма түскен, мына қапта жатқан байлықпен салыстырғанда, оларыңның бәрі түкке де жарамайды деп білемін.

Осы кезде қожайын бұл әңгімеге құлағын түре қалады: «Бұл нендей зат болды екен ә? — деп ойлайды ол. — Мүмкін, қап толы асыл тастар шығар. «Бір оқпен үш қоян атыпты» дегендей, мұны да қолға түсірсем, үш бірдей пайдаға кенелмеймін бе!

Сөйтіп ұйықтайтын уақыт та жетеді. Қонақ ұзын орындықтың үстіне жата кетіп, жастықтың орнына қабын басына жастайды да ұйқыға батады. Қонақ әбден ұйықтады-ау дегенде, қожайын баспалап келіп, басына жастаған қапты басқасымен ауыстыру үшін оны еппен тартқылай бастайды. Темір ұстасы да дәл осыны күтіп жатқан еді, қожайын қапты сүйреп әкете бергенде: «Ұр, тоқпақ, қаптан шық!» — деп айқай салады. Тоқпақ қаптан шыға салысымен, қожайынды тура бүйірден жақсылап тұрып соққылай бастайды. Қожайын аяушылық білдіруін сұрап жалынып, айқайлаған сайын тоқпақ ұруын үдете түсіп, арқасынан тынбай соққылай бастайды. Ақыры қожайын ес-түссіз жерге құлап түседі.

Сонда темір ұстасы былай деп үн қатады:

— Егер сен «үстелшем, дастарқан жай» мен алтын есекті бермесең, тоқпақ қайтадан арқаңда ойнай бастайтын болады.

— Ойбай, қажеті жоқ! — деп қожайын үнін әрең-әрең шығарып ыңырсиды. — Мен бәрін де қуана-қуана қайтарып беремін, тек сен мынау жын-аруағыңа айтшы, қапқа қайта кірсінші.

Сонда темір шебері оған былай деп жауап береді:

— Мақұл, мен сені кешірейін, бірақ байқа, сақтанып жүр!

Ол: «Ұр, тоқпақ, қапқа кір!» — деп айқай салғанда ғана тоқпақ қожайынды жайына қалдырыпты.

Келесі күні таңерте темір ұстасы «үстелше, дастарқан жай» мен «алтын есекті» алып, үйіне, өзінің үйіне, әкесіне аттанады. Тігінші ұлын аман-есен көргеніне қатты қуанады. Сөйтіп ол жат елде жүріп не үйреніп келгенін сұрайды.

— Қымбатты әкешім, — деп жауап қатады ұлы, — мен темір ұстасы болып оралдым.

— Бұл — күрделі өнер ғой, — дейді әкесі сонда, — ал, жер жаһанды кезгенде кәдеге асарлық не ала келдің?

— Қымбат бір затты, сүйікті әкетайым, — деп жауап береді ұлы, — мына қаптағы тоқпақты әкелдім.

— Не дейсің? — деп айқайлап жібереді әкесі. — Тоқпақ па? Жырғатып еңбектенген-ақ екенсің! Мынауың кез келген ағаштан кесіп-жонып дайындап ала беретін зат емес пе?

— Иә, солай ғой, бірақ сүйікті әкетайым, бірақ оған: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — деп айтсам болды, бұл көзді ашып-жұмағанша атқып шығып, маған қауіп төндірген кімде кімді болсын, төмпештеп сұлатып салады, кешірім сұрап жалынғанша орнынан тұра алмай жерде жата бермек. Міне, көрдіңіз бе, осы тоқпақтың арқасында мен қонақүйдің ұры иесі ағаларымнан алып қойған үстелше мен алтын есекті қайтарып алдым.Енді екі ағамды да, барлық туыстарымызды да шақырыңыз. Мен оларды тойғанынша ішкізіп-жегізейін және қалталарын алтынға нығап толтырып берейін.

Кәрі тігінші аса сенбесе де, барлық туыс-туғандарын шақырып алды. Темірші жігіт бөлмеге орамал жайды да алтын есекті жетектеп әкеліп ағасына:

— Қанеки, сүйікті ағатайым, ісіңді атқар, — дейді.

Диірменші: «Бриклебрит!» — деп қалғанда, сол сәтте орамалдың үстіне алтын теңгелер саулай жөнелді. Есек алтынды көп құсқаны соншама, алушылар алтындарын әрең-әрең сүйретіп әкететіндей еді.

(Сол қызықтың ішінде сен де болып, көрсең болар еді ә)

Осыдан кейін темір ұстасы үстелшені алып келіп ортаға қояды да былай дейді:

— Ал, қанеки, сүйікті ағатайым, мұнымен өзің сөйлес, — дейді.

Балташы жігіт: «Үстелше, дастарқан жай!» — деп бұйырып үлгергенше, үстелдің үстіне дастарқан жайылып, ең жақсы тағамдарға толып кетті.

Осылайша той-думан басталды да кетті, тігіншінің үйінде мұндай түскі ас ешқашан болып көрген жоқ еді. Барлық туысқандар үстел басында түн ауғанға дейін отырып, бәрі де сондай көңілді, риза қалыппен үйді-үйлеріне тарасты.

Тігінші болса ине мен жібін, өлшеуіші мен үтігін шкафқа салып бекітіп тастап, ұлдарымен бірге уайым-қайғысыз, шалқып өмір сүрді.

— Тігіншінің өз ұлдарын үйінен қуып шығуына себепкер болған ешкі қайда жүрген болды екен?

— Бұл туралы мен саған қазір айтып берейін. Басының жүні қырып тастаған соң ол жүруге ұялды. Жүгіріп жүріп түлкінің інін тауып алып, сонда тығылды. Түлкі түнде үйіне қайтып келе жатып қараса, — қараңғыда іннің ішінен жарқыраған екі үлкен көзді көреді де, қорқып кетіп тұра қашады. Жолдан кезіккен аю Түлкінің әлденеге қатты абыржып келе жатқанын сезіп одан мұның мәнісін сұрайды:

— Түлкі қарындасым, мынау үрейің ұшып қашып бара жатқаның не өзі?

— Аһ, — деп жауап береді түлкі, — бір қорқынышты аң менің ініме кіріп иеленіп алыпты да, отты көздерін бадырайтып айбат шегіп жатыр.

— Ендеше біз оны дереу қуып тастаймыз, — дейді аю. Сөйтеді де түлкімен бірге оның ініне беттеді. Інге таяп қалғанда, жанып тұрған отты көзді көргенде, оның да бойын үрей билей бастады, қорқынышты аңға не істей алсын, аю бұл жерден табаныны жалтыратты. Сөйтіп аю қашып келе жатқанда ара кездесті. Ол аюдың әлденеге алаңдап келе жатқанын көріп, одан сұрайды:

— Аюым, түрің неге жабырқап кеткен, көңілді қалпың жоқ қой?

— Сен үшін айтқанға ғана оңай ғой, — деп жауап береді аю, — анау түлкінің ініне көзі бажырайған бір қорқынышты аң мекендеп алыпты, соны қуып шығуға ешқандай шамамыз келмей жатқаны.

Сонда ара былай дейді:

— Сені аяймын, аю, мен әлсіз жәндік болғандықтан, сендер көз салып қарамайсыңдар ғой, бірақ мен қалай болғанда да сендерге көмектесейін.

Сөйтіп ол түлкінің ініне ұшып келіп, ешкінің қырылған тақыр басына келіп қонды. Сөйтті де оны аямай, барынша қатты шағып алды. Ешкі бұған шыдай алмай, іннен секіріп шығады да: «Мәһ-әһә!», — деп бақырып жіберіп, бұл маңнан тұра қашады. Міне, осыдан кейін оның қайда қашып жоғалғанын ешкім де білмейді екен.

Орысшадан аударған Асылбек Байтанұлы