20 Мамыр, Дүйсенбі

Әдебиет

Бауыржан Момышұлы
Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910 - 10 маусым 1982) — Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолб

Байғұс Полковник






Мен өз қолыма ақша ұстамайтын жанның бірімін. Тапқан-таянғанымды әкелген бойда жұбайымның алдына тастай салам.
– Сабыр етші, мына ақшаларды есептеп, қалай жаратуды ақылдасып алайықшы...
– Балалар сенікі, бай сенікі, үй сенікі ... басымды қатырма, маған десең өртеп жібер!
– Әйел үй қожасы, одан басқа ешкім біздің семьяда ақша ұстамайды.
– Мама –у нассамый главный человек, – дейді кенже қызым.
– Дұрыс айтасың, балам, – деп мен оны қостап қоямын. Москваны көрсін деп биыл жазда балаларды алып бардық. Кремль, МГУ, Третьяков галереясында болып, астананың тағы басқа да мақтаулы орындарын аралап, балалар бір жасап қалды.
Мақпал –сәби, Шапулька болса бойжеткен қыз бала. Бір күні кешке Кремльдің Съездер Сарайына театрға билет алып келдім.
– Кішкентаймен екеуің үйде қаласыңдар, біз Шапулька екеуміз барамыз, – деді жұбайым маған.
– Мен неге бармаймын, – деп шатақ шығарды Мақпал.
– Жаным-ау, ол жерге сәбилер мен шалдарды жібермейді екен, мен шалмын, сен әлі баласың, екеуміз үйде қалатын болдық.
Мақпал басқа түскен шарасыздыққа көнгендей боп, бұрышқа барып мұңайып отырған-ды. Мен аяп кетіп қасына барып, басынан сипаған соң, кішкентай қызым:
– Байғұс полковник, – деп мені аяғандай болмасы бар емес пе. –Бар ақша мамамда. Ол бізге ақша да бермейді, Кремльге де жібермейді.
Мен рахаттана қарқылдап күліп, кішкентай қызымды көтеріп ап, бетінен сүйдім; ол мені аймалап:
– Байғұс полков-ник!... – деп күрсінді.