21 Мамыр, Сейсенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Талтаңбайдың тәртібі






Үш перделі, төрт суретті драма

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Шапшаңбай – басқарма ағасы.
Күнжан – оның әйелі.
Сүндет – есепші (счетовод).
Парыз – өтірік «белсенді».
Жанбол – колхозшы (партизан)
Бәкен – колхозшы.
Ақсүйрік– оның әйелі.
Қамза – комсомол ұясының бұрынғы хатшысы, мұғалім.
Жұпар – соңғы хатшы.
Xайдар – комсомол.
Өтеміс – комсомол.
Қарғабай – колхозшы, жас бала жігіт.
Дәурен – колхозшы.
Талтаңбаев – өкіл.
Жақсылық–райкомның жаңа хатшысы.

БІРІНІШ ПЕРДЕ

БІРІНШІСУРЕТ

Екі есік: бірі бірінші бөлмеде, екіншісі тысқа шығады, ұзын үстел, орындықтар. Үстел үсті бұрқыраған қағаз. Бұрышта шкаф. Есік жақ шашылған түрлі ыдыстар. Үстел, орындықтардың арқалықтарына баланың жаялықтары жайылған. Шымылдық ашылған кезде Сүндет үстелге төсін тірей, шот қағумен отыр.

Сүндет (ашулы). Ал, құдай атты да қалды: бір шыққан емес есебім. Маған керек сан мың төрт жүз отыз, былай салсам да жетпейді оған, олай салсам да...

Күнжан (көрші бөлмеден басын шығарып). Сенбісің салып жатқан? Сонша даурығып... Баламды шошыттың.

Сүндет (күлімсіреп). Менен бе?

Күнжан. Дауысыңнан.

Сүндет. Айналсам-ау қасыңнан... (Есікке жүре берем дегенде.)

Күнжан (безеріп). Қой, қой... Масқара-ау, тапа-тал түсте... (Сүндет тұрып қалады.) Осы елдің жігіті қызық, өй... Басқа елде де болып көрдік қой... (Сүндет томсарып, есебіне шұғылады. Күнжан күлімсірей түсіп.) Дүкенге бардың ба, әй?

Сүндет. Бардым.

Күнжан. Бәтеңке келіп пе?

Сүндет (салқын). Келіпті.

Күнжан (елең етіп, жақындай түседі). Келіпті дейсің бе, ей? Түсі қандай? Тұмсығы қандай, жайпақ па, сүйір ме?.. (Үстелге сүйеніп, күлімсірей қарап.) Уәдең есінде ме?

Сүндет. Мына есебімді ұмытсам да, оны ұмытпаспын. Сенесің бе, мына шотты қағып отырғанда соның әрбір тасы сен болып күлімсірейді маған. Сенесің бе?.. (Елеуреп ұмтылам дегенде, Күнжан ыршып есікке барады. Сүндет үстелдегі қағазын шашып алады.)

Күнжан. Бетім-ай, осы елдің жігіті қызық, тал түсте... Басқа елдің жігіті бүйтпейді. Қарабас елінде тұрдық қой, сонда бір шотавот болды.

Сүндет. Тап мендей ғой, ә?

Күнжан. Сендей ме? (Күлімсіреген күйі бөлмесіне кетеді.)

Сүндет (аз-кем тұрып шашылған қағазын жияды). Қап, иттің қатыны есебімді былықтырып кетті-ау. Мейлі, қай бір дұрыс есеп, қондыра салармын бір цифрды.

Тыстан жүген ұстап Жанбол кіреді.

Жанбол (кейіген түрде) Әй, басқарма қайда? (Сүндет Жанболды елемей, шот қағуға кіріседі.)

Жанбол. Қақ, қақ! Сартылдат! «Құлқу-құлқу деп қорадағы қойды құрттың» деген екен... (Отырып.) Басқарма қайда еді?

Сүндет. Жүрген жерінде. (Шот қағады.)

Жанбол (ұнатпай қарап). Уа, тоба, осыған да тәлкек болғаным ба? (Күрсініп.) Тәлкек болдым. Бірдеме айтайын десем «ал, контр болдың» деп, шақ ететін болыпты. Айналып кетейін-ау, аспан айналып жерге түссе, мен контр болармын ба? Бірінші – кеңес үкіметін өз қолымнан орнатыссам, екінші – Әлібиге отряд болып алаштың азу тісін сындырған болсам... (Уһлеп.) Әй, басқарма қайда деймін?

Сүндет (шатынап). Маған жұмыс істетпейсің ғой, сірә. Ал құрысын есеп. Ал іздейін басқарманы.

Жанбол. Уа, тоба... Сөйлесіп көр бұларменен? Жеке басымның қамы үшін мазаласам екен-ау бұларды. Бірінші – Есберген құдасына барамын деп ат сұрап мініп, оны зорықтырып, жолға тастап келіп отыр; екінші – сиыр біткен сықырлап қорада тұр, не шөбі жоқ, не су ішкен жоқ; үшінші – осы үйдегі адырақ көз келін... Әй, тыңдашы, осы үйдегі адырақ көз келін... (Күнжан есікті ашып тыңдап тұрады, Жанбол оны сезбейді.) Көрер көзімше бір машинаның қалғанын қиратып әлгіде ғана үйіне әкелді. Осы келіндікін бөлек қағазға түрте салшы.

Күнжан (ашулы). Түрткізе алмассыз!

Жанбол (жалт қарап). Түрткіземін, келін!

Күнжан. Түрткізе алмассыз! Ерегісемін деп, ел ақтап кетіп жүрерсіз. (Кенет құшырлана ұмтылады.) Не деген адам едіңіз, баланың жаялығына отырып... (Жанболды арқадан итеріп, жаялықты алып кетеді.)

Жанбол (басын шайқап). Әттегене!..

Сүндет (мысқылдап күліп). Бөлек түртіп қойдым, совсем бөлек...

Жанбол (шіміркеніп). Әй, қоямысың? (Кіжініп, ұшып тұрады.)

Сүндет (шотты сүйрей қашып). Кеңседе қол жұмсаған үшін бес жыл түрме.

Жанбол. Е, колхозшыны тәлкек қылған үшін неше жыл?

Тыстан Шапшаңбай кіреді. Шапшаңбай.Бұ не?Әй?

Сүндет (шотты үстелге алып ұрып). Шорт знает, жұмыс істеуден қалдым, шығармаймын есепті.

Шапшаңбай. Неге шықпайсың қуып? Тұра қал: тыңдаттың ба жоспарын? Тыңдат. Түскі тауық шақырды ма? Жаз: «желтоқсанның жиырма төрті күні, бесін кезінде, Жанбол Жауқашар ұлына тыңдатады, үдетпелі жоспардың он бес пұты» де. (Күнжан есіктен қарап тұрады.) «Сүндет Сүгіралы ұлының жарысқа шақыруы бойынша міндеттелген он бес пұты де... Дедің бе? Көрейін сосын...

Күнжан. Әбден қиратарсың.

Шапшаңбай (бұрылып). Кет әрі!

Күнжан.Әне, қоқандады маған, ей албасты! Жүр бері, баланы көтер. (Кетеді.)

Шапшаңбай (есікке бара беріп бұрылып). Әй, әзілдеп түсінбе. Бұл Талтаңбайдың тәртібі... (Сүндетке.) Төлеймін дегізіп, бармағын басқызып ал. (Кетеді. Жанбол есікке қарап басын шайқаумен отырады.)

Сүндет (бір қағазды асығыс жазып. Жанболға ұсынады). Бармағыңды бас мынаған!

Жанбол. Е, ненің ақысы?

Сүндет. Менімен жарысасың.

Жанбол. Ал, сенімен жарыспадым, онда қайтесің?

Сүндет. Қонтыр боласың онда.

Жанбол. Мен қонтыр болам ба? Мен, мен...

Тыстан Талтаңбаев кіреді. Шляпа, ақ жаға, көзілдірік, білегінде таяқ. Көзі жанарында – үй қабырғасындағы ұрандарға үңіледі.

Жанбол (оған бірсыпыра қарап алып). Әлгі Талтаңбаев тап осы болар ма, ә?

Талтаңбаев. Счетовод, жеңгей үйде ме?

Сүндет (жағынып). Үйде, әм сізді күтіп отырған болар.

Талтаңбаев көрші бөлмеге кіреді. Жанбол басын шайқап, шығады.

Сүндет (есікке бірсыпыра қарап отырып, күрсініп, шотты сарт еткізеді). Осы да қабаттасып... (Тағы сарт еткізіп.) Жаңа ғана үйірілтіп келе жатқанда... (Қағазын қобыратып, өлең айтады.)

Текті байдың баласы ем уыз емген.
Кез болып қара күнге басқа төнген.
Тепкісінде кедейдің өлгім келмей,
Қаңғырып кетші едім шығып елден.
Баспана тып калқозды жағаладым,
Счетовояттық қызметті сағаладым
Кез бояуға жарайтын өнерім бар,
Сарт та сұрт мына шотты қаға аламын.
Шапшаңбай көрші бөлмеден бала көтеріп шығады.

Шапшанбай.

Бәу-бәу-бәу,
Айналады әкесі-ау.
Әкесінің баласы-ау,
Ашуланшақ мамасы-ау.
...Жанбол не деп кетті, әй?

Сүндет. Сені түрмеге тығам деп кетті.

Шапшанбай (шошьшып). Қой-әй, үрейін алмашы кісінің. Онсыз да зәрем жоқ... Әй, Сүндет, мен неге қорқа беремін осы, ә? (Далада шаң-шу, бұлар елеңдеседі.)

Әйел даусы.Көрермін өлтіргеніңді! Сенен бұрын өлсек...

Тыстан Бәкен, Ақсүйрік, Парыз кіреді.

Парыз (ашулы.) Пұртоколде мына иттерді. (Тымағын үстелге алып ұрып.) Уһ... Осы иттермен ырылдасам деп-ақ...

Шапшанбай.Неге, неге?

Парыз. Тыңда, үйіне бардым. Егізектің Ембергені қасымда. Былай дедім: «Жолдас Бәкен Шөмішбаев, мен сені жарысқа шақырамын жиырма бес пұт астыққа», – дедім. (Бәкенге.) Осылай дедім ғой, ә?

Ақсүйрік. Астығымыз жоқ болса, немен жарыспақпыз?

Парыз. Тоқта. Сонсын айтқаным: «Жарыспасаң большевик емессің», – дедім. Дедім бе? Кончин! Калакайтыңды білмеймін, менің «имением темпуді күшейту, мен темпудің адамымын»,–дедім. Дедім бе? Қош... Ал жолдас Шөмішбаев большевик бола алмады. Постой, қалақайтынды білмеймін, большевик емес екен. «Астығым жоқ», – деді, осылай дедің ғой, ә?

Ақсүйрік. Жоқты бар десін бе?

Парыз. Ә... Тұрып тұр, жеңге, сенің сыбаған кейін? Қош... «Ендеше үйіңді тінтемін», – дедім. Тінтіп келіп кеттік. Абырой болғанда суырып алмайын ба...

Шапшаңбай.Сүндет. Қанша? Қанша?

Парыз (ойланып). Үш пұттан асар ма екен, ә, Бәкен?

Ақсүйрік. Бетім-ай, екі табақ астықты...

Шапшаңбай. Табылды, болды, тәртіп солай. Жаз, Сүндет! (Сүндет дереу жазады.)

Ақсүйрік. Бетім-ау, аштан өл деймісіңдер, қуырып жеп отырған астығымыз.

Шапшаңбай.Үкімет астығын неге қуырасың, ә? Ол тәртіпті кім берді, ә?

Сүндет. Бәкен, социальный положениеңді айт?

Бәкен (сасып). Жоқ... Сатып алған емес, масақтың бидайы.

Парыз. Таста, постой калакайтты!

Сүндет. Социальный положениенді айт деймін.

Бәкен. Жоқ, жоқ, сатып алған емес.

Сүндет. Ендеше, құлақ деп жазам.

Ақсүйрік. Көтек!

Парыз. Жаз, құлақ деп.

Ақсүйрік. Қой әрі, сенен өтіп бізге келіп пе құлақтық?

Сүндет (жазып отырып). Біреуді личный аскарбит еткен үшін бес жыл түрме.

Ақсүйрік. Әдіра қал, сенен бұрын түспеспіз. Қалқоздың мал-мүлкін құртып сен де бос жүрсің ғой.

Сүндет. Үкімет адамын қаралаған үшін он жыл түрме.

Бәкен. Тыныш тұршы, қатын.

Ақсүйрік. Қой әрі, осылардан қорқып... Тамақ ішу қылмыс болса, алдымен басқарма айдалсын. Қатыны күніне он таба нан пісіреді, біз он күнде бір таба нан таба алмаймыз...

Көрші бөлмеден Талтаңбаев шығады. Шапшаңбайлар әбігерленіп, үстелдің төрінен орын береді.

Талтаңбаев. Мыналар кім, ербиіп тұрған?

Парыз. Құқ қылып жатырмыз, үйінен астық шығып.

Талтаңбаев. Солайма? Қатыр бәлемді!

Ақсүйрік. О ненің ақысы?

Талтаңбаев.О ненің ақысы! Білгіңіз келе ме? Ол ақысы астық тыққаныңыздың. Оның үшін айдатамын Темірхан Шораға., Білемісің Темірхан Шораны?

Ақсүйрік. Сіздей білекті емеспіз.

Талтаңбаев Ақсүйрікке түйліге қарап, теңселіп жүреді. Көрші бөлмеден Күнжан қарап тұрады.

Талтаңбаев (Ақсүйрікке түйліге қарай түсіп). Ым-м... сөзін көрдің бе? Отызыншы жылы бес жүз үйден қалқоз құрып, қыс ішінде киіз үйден қала салдыратынымда тап осы сықылдай бір әйел шапылдап...

Парыз. Ойпырм-ау, сізбен бе?

Шапшаңбай. Алған шығар жазасын,ә?

Талтаңбаев (үстелге сүйене тұрып). Жолдастар! Тығыз тәртіп беремін, үдетпелі жоспар жиырма төрт сағат ішінде орындалады, понятно? Оның үшін не істеу керек? Вот, былай істеу керек. Мәселенки, үй салса, оның алдымен төрт аяғын тұрғыза ма? Төрт аяғын тұрғызады, яғни қадайды. Понятно? Сосын стенасын қалайды. Сонан кришасын покрывать қылады... Понятно? Бұ да сол: алдымен төрт аяқтан бастау керек. Орысша айтқанда низ дейді. Нағыз апасность низда жатыр, понятно? Бір кітаптан оқығаны бар... Ымм... да вот былай: «капиталистическое хозяйство өрбиді, дейді, – низдан», понятно?

Парыз. Пай, пай, пай, пайым-ай!..

Сүндет. Құйып-ақ жіберді-ау.

Талтанбаев (қызып). Соның үшін мұның низін қопарып, тамырын жұлып, е... сүйтіп кетпесе, е... Бұл қаулап жанған өрт болып, өрт пожар... Бұл солай болады, понятно?

Шапшаңбай (елеуреп). Әбден панатнай.

Талтаңбаев. Ендеше мына кісілерді қамай салыңдар, суық сарайға!

Ақсүйрік. Көтек!

Парыз (ұшып тұрып). Жұмысың бітті, жеңге, жүресің!

Парыз итермелеп шығармақшы болады. Ақсүйрік қарсыласады. Бәкен Ақсүйрікті тартқылап есіктен шығарады. Жаң-жұңмен кетеді.

Шапшаңбай (олар кеткен соң басын шайқап тұрып). Әй-әй, әй, скандал қатын екен тә... (Сүндетке.) Пұртоколінді мықтап жаз, бұдан босанатын болмасын.

Талтаңбаев (үй ішінде теңселіп жүріп). Ардақты жеңге!

Шапшаңбай.Әй,әй, қайдасың! (Күнжанға.) Саған айтады, саған.

Талтаңбаев (Шапшаңбайды иықтан қағып). Дарагой Шапшаңбай! Жеңгеммен өзім ұғынысам, ты не мешай.

Күнжан (Шапшаңбайға). Саған айтады, саған, саған...

Талтаңбаев. Великолепно, ха, ха, ха ... Интересно... (Күнжанға.) Қолыңызды сағынып...

Шапшаңбай.Ә, ә... о не?

Күнжан. Қой деймін, түсінбейсің.

Талтаңбаев. Правильно...Түсіндіріп жіберіңізші, жеңге.

Күнжан (есікті жамылып). Ол ма? Ол қою шай.

Талтаңбаев. Пай-пай-пай, жеңгем-ай!

Шапшаңбай. Мә, мамасы, ала кет.

Күнжанға баланы ұстатады. Күнжан тыржың етіп, баланы алып кетеді.

Талтаңбав (есікте тұрып). Әй, шатавот! Тұмсығыңды салбыратып, кешегі ципрды әлі дайын қылған жоқсың. Ертеңге дайын қылмасаң, кеңірдегіңді жұлып аламын, понятно?.. (Сүндет басын шұлғып, кеңірдегін ұстайды.) Дарогой Шапшаңбай! Жалпы айтқанда, ты не мешай...

Бөлмеге кетеді. Сүндет ауыз ашып есікке қараумен бір сыпыра отырады.

Шапшаңбай (оның, жанына отырып, шынтағымен түртіп). Кеңірдегің керек болса, ципрынды шығар.

Сүндет. Е... айта береді мұндайлар. Былтырғы бір өкіл Жанболға: «Шекеңді шағып, миыңды аламын» деп еді, Жанболдың миы әзір өзінде.

Шапшаңбай.Оның орнына сенің миыңды шақсын. Ми жоқ сенде, неге шықпайды есеп?

Сүндет. Нағыз мисызсың. Шын есепті көрмейсің, өтірік, есеп бер дейсің; қалқоздағы үйің қырық, оны жүзге жеткіз дейсің; барлық малың қырық бес, оны мыңға жеткіз дейсің.

Шапшаңбай.Қой, ә, жаңағы өкіл емес пе?

Сүндет. Өкілдін мисызы болмайды деп пе ең?

Шапшаңбай (шошып). Ой, ант ұрып кеткен... Аман құтылайық, аузыңа ие бол. (Ақырын барып есіктен тыңдап, орнына келеді. Күрсініп.) Әй, Сүндет, осы мен неге қорқа берем, ә? Біреуге қызуланып қатты сөз айтып қалсам, артынан сол кісінің көңілін тапқанша асығам. Асығатыным – қорқам, неге олай, ә?

Сүндет. Адамшылығыңның жоқ болғаны.

Шапшаңбай. Қой, адамшылығым жоқ болса, үш жылдан, бері қалқозға бастық болар ма ем? Ойының келмесін... (Сүндеттің жанына отырып.) Қане, мен де шығарысайын есебіңді.

Сүндет. Сал шотқа: жүз қырық бес.

Шапшаңбай.Бұл не?

Сүндет. Мал саны.

Шапшаңбай. Жоқ, жоқ... Көнбеймін, мың қырық бес деп салайық.

Сүндет. Болмайды.

Шапшаңбай. Салайық деймін.

Сүндет. Болмайды, талай есеп беріп жүрмін ғой.

Шапшаңбай. Шын цифр беріп жүрген боларсың.

Сүндет. Атама, өмірге шын цифр беріп көргем жоқ. Өтірікке де еп керек: бар малың қырық бес, оған жүзден артық қалай қосасың?

Шапшаңбай (басын сипап). Тым аз...

Тыстан Қамза кіреді. Бұлар ым қағысып, Сүндет қағазын бүркейді.

Қамзa. Ау, басқарма отағасы, жұртқа жағалай жоспар беріп жатқаның қалай?

Шапшаңбай. Талтаңбаевтың тәртібі.

Қамза. Жоспар беруге өкілдің қандай қақы бар?

Сүндет. Астық тығып отырса ше?

Қамза. Ә, ондайды көпшіліктің жиылысымен ашып, талқысына салу керек. Қайда өкілің?

Шапшаңбай.Тыс... Тынығып жатыр.

Қамза. Тыныққандай тас қазбаған шығар. (Көрші бөлмеге кетеді.)

Шапшаңбай. Шатақ болды ма? Қамза неқып үндемей қалады деп ем-ау!

Сүндет. Осының кеңірдегін жұлса екен.

Шапшаңбай. Мынаның ба? Мұның кеңірдегін құдай да жұла алмас... Мен басқарма болған жерде партия мен комсомол ұйымы болмаса екен деп, құдайдан жатсам да тілеймін, тұрсам да тілеймін. (Басын шайқап.) Әй, енді... (Кенет елеңдеп, есікке барып тыңдайды.)

Сүндет. Жай ма, әй?

Шапшаңбай (ақырын басып орнына келеді, басын шайқап). Шошындым: шақ-шақ етеді. Талтаңбаевтың миын шағып жатыр ма дерсін.

Сүндет. Шын ба, әй? Онда Парызға шамала деу керек екен, Талтанбаевты тентекке шығарып жүрсе...

Шапшаңбай. Шығарады, шығарады. Комсомол бір шуламасын де... Талай талқысына түскем. Ойбай, Сүндет-ай...

Сүндет. Жүр, Парызға жолығайық.

Екеуі кетеді. Аз тыныс. Күнжан самаурын көтеріп шығып, тұтатады, өлең айтады.

Күнжан.

Көйлегімнің етегі кесте-кесте,
Сен, қалқатай, түсесің ылғи еске.
Келер ме едің шыныңмен күлім қағып,
Келе ғой деп мен айтсам бүгін кешке.
Көйлегімнің етегі бүрме-бүрме,
Мен жеңілген жан емен бірме-бірге.
Күйдіресің от қылып, өртендіріп,
Көзді қадап, беу қалқам, күлме-күлме...

Күнжан (күлімсіреп). Өкілді айтам-ау, көзін қадайды келіп, қадайды келіп... «Аудандарында тәуір бәтеңке бар ма?»–десем, «Нешеуі керек өзіңе?» – дейді. Мен айттым сосын: «Ылаулап тасымай-ақ, біреу болса да», –дедім. «Біреуге қанағат қыларсыз ба?»– дейді де күледі, күледі де күледі.

Тыстан Жұпар кіреді. Күнжан түсін өзгертіп, қырын қарайды.

Жұпаp. Қамзаны көрдің бе, жеңгей?

Күнжан. Ешкімнің күзетшісі емеспін.

Жұпар (аңырып аз тұрып). Не істеп отырсыз?

Күнжан. Сендей төре емеспін, үй түйтігі.

Жұпар. Мен қашан төре болыппын?

Күнжан. қой әрі, қыз басыңнан тепсінбей, үлгірерсің...

Жұпар (таңданып). Қызық екенсің, тепсініп не айттым?

Көрші бөлмеден Талтаңбаев пен Қамза шығады.

Талтаңбаев (сөйлей шығып). Да... да... Мен айтамын саған. Комсомол ұясының хатшысы болсаң, міндетіңді дұрыс ұғын, понятно? Үдетпелі жоспарды орындатуға өкіл керек пе? Керек. Сол өкіліңіз мына пақырыңыз. Пожалуйста, мандатты көрсетуге де болады. Ым-мм... (Қалтасынан мандатын алып, пенсне киіп, оқиды). Мәселенки, былай деген: «Ковсем партийным и комсомольским организациям оказывать тов. Талтанбаеву» (Бармағымен нұсқап.) «Тал-таңбаеву всемерное содействие» – понятно? Талтаңбаев мына пақырыңыз болады, таныс болыңыз. (Қолын ұсынады.) «Всемерное содействиеге» түсінесіз бе? Ол былай. Ыммм... Яғни, дүние жүзіндегі болуы мүмкін, болған мүмкіншіліктің бәрін Талтаңбаев жолдасқа болдырып, бәрін соған үйіп, сүйтіп бәрін болдырып шығуға деген, понятно?.. Есінде болсын, бұл ең ақырғы, ең күшті, яғни, әмменің участиесі керек болған ең решительный бой. Бұл саған сын. Орындап шықсаң, деймін: «молодец!» Орындамасаң, деймін: «Даешь билетті».

Жұпар. Билетті бере қойсақ...

Талтаңбаев (Жұпарға түнере қарап). Мадам,ғапу етіңіз, кіммен сөйлесіп тұрмын мен?

Қамза (күлімсіреп). Бұл кісі комсомол мүшесі, Жұпар дейтін белсендіміз.

Талтаңбаев. Очень приятно, молодой кадр... (Үстелді нұсқап.) Пожалуйста... (Жұпар күлімдеп отырады.)

Қамза. Тағы да айтайын сізге: билетті біз бермеспіз де, сіз ала алмассыз. Астық дайындау жөнінде партия директивін мүлтіксіз орындап келдік. Бұдан былай да орындаймыз. Негізгі астық жоспары артығымен орындалды. Үдетпелі жоспарды әбден қабыл аламыз. Соның үшін айтатыным: осыдан он шақырым жерде партия ұясы бар, хабар тигізейік. Қалқозшылардың жалпы жиылысына салып, қабылдалық. Түсінік берейік, көпшілік арасындағы жұмысты күшейтейік. Соны істесек, астық тығып отырғанды қалқозшылар көпшілігі ортасынан шығарып береді. Мұның бірін істемей, кеңседе отырып үй басына жоспар беруіңізге мен қарсымын! Қайда барсам да осыны айтам... Парыз дейтінді біз қалқоздан аластағанбыз. Ол белгілі содырлы сойқан. Ол кәдімгі Көкжалдың баласы. Оны әкеліп белсенді қылғаныңызға көнбейміз. Бұл партия жолына қайшы. Бұл қаскүнемдердің істейтін жұмысы. Біз, комсомолдар, партия жолы үшін күресеміз.

Қамза осылай бастағаннан Талтаңбаев шалқайып, екі қолын желкесіне қойып, Күнжанға қарап, ысқырып өлең айтқан секілденіп отырады.

Жұпар (Қамзаға). Кімге айтып тұрсың сен?

Қамза (кенет топтап). Е, мына Талтаңбаев жолдасқа.

Жұпар. О кісінің сөз тыңдайтын уақыты жоқ көрінеді ғой.

Талтаңбаев. Ғапу етіңіз, қарындас... (Үстелді ұрып.) Вот что, қазіргі сағаттан комсомолдар мобилизован, понятно. Сондықтан... (Күнжанға телміріп.) Шайың әзір ме, жеңгей?

Күнжан. Сөзіңіз бітсе, шай әзір.

Талтаңбаев.Сөз бітті... (Бөлмеге кетіп бара жатып.) Трай-рай-рам, рай-рай-рам...

Күнжан Жұпарға қарап тыржың етіп, самаурынды көтеріп о да кетеді. Аз тыныс.

Қамза (аңырып). Соғылған ба мынау ит?

Жұпар. Оны қой, мені тыңда. Ақсүйрік пен Бәкеннің сарайға қамалғанын естідің бе?

Қамза. Не дейді? Қамаушы кім?

Жұпар. Парыз.

Қамза. Парыз? Ымм... Ақырында келіп қалкозшыларды қамауға кірісті ме ол? Енді қайттік? ( Үй ішінде аз-кем жүріп.) Жұпар, кешегіңді анықтадың ба?

Жұпар. Бекер білем ол.

Қамза. Кім айтты бекер деп? Сенің жұмсаған адамың Өтеміс қой, иә? Тез-ақ анықтарсың.

Жұпар. Өтемісте жазық жоқ, комсомол атынан тапсырылған жұмысты өтеп-ақ келеді.

Қамза . Білем қалай өтейтінін. Өтеміс сияқтыларға сеніп жұмыс тапсырамыз деп ұрынып жүрміз біз.

Тыстан таяқ сүйреп Жанбол кіреді.

Жанбол (есікте тұрып). Е, бәсе, өзім де ойлап ем, түбінде тіреліп отырған шығар Қамза деп.

Қамза (күлімдеп). Түбекке тірелуден алыспыз.

Жанбол. Ендеше не күтіп отырсыз? Бірінші – Бәкен жазықсыз сарайға қамалды; екінші – «Бәрінді де құқ қылады, одан да қашып құтылыңдар» деген елді өсек қаптады; үшінші – Парыз бір топ адамды соңына ертіп, жұрттың сандығына шейін қиратып тінтіп жүр; төртінші – астық тығып отырған адамды білдім, жиылысыңды шақыр; бесінші...

Қамза. Тоқтаңыз. Дереу атқа мініңіз де ячейканың хатшысын шақыртып келіңіз. Партия мен комсомол ұйымының жалпы жиылысын істеп, мәселені сонда талқылайық.

Жанбол (жайраңдап). Е, дұрыс, ә, бәсе, міне, бұған түсінем. Міне, бұған түсінем.

Жанболдың сөзі аяқталмай Өтеміс елеусіз түрде кіріп, есікте тұрады. Жанбол мен Қамза шығады.

Өтеміс (Жұпарды есік алдында тоқтатып). Не туралы, ә?

Жұпар (ашулы қарап). Сөйлеспеймін сенімен. Неге анықтамадың кешегіні?

Өтеміс. Не деген қызықсың: астық тықпаған болса, мен қалай анықтаймын?

Жұпар (Өтеміске қадала қарап). Тыққан астығы жоқ дейсің ғой,ә?

Өтеміс (апалақтап). Апыр-ау енді... (Жұпар үндемей шығып кетеді. Өтеміс аңырып.) Ой, қызық осылар. Осыншама бұлданғандай не өткізіп қойып еді маған? Е, тіпті... (Үстел жанына келгенде, жерде жұмарланып жатқан қағазды көріп, алып оқиды.) Еһе, Сүндеттің қолы, өлең жазыпты, тұра қал... (Отырып оқиды.)

Қалқамның қасы қара, көзі қара,
Болғанмен көзі қара, ісі сара.
Әлден-ақ от тұтанды жүрегіме,
Бұл дертім не болады бара-бара?!

Мәссаған, бұл соғылғанның күймей жүретін күні болсайшы... (Кенет ойланып, күлімдеп, қағазды бүктеп қойнына тығады.) Тоқтай қал, бір керек қағазың қолыма түсті, түнеугі олжадан ортақ қылмасаң, бермеймін, – дейін оған...

Көрші бөлменің есігіне барып сығалап тұрады, әйел мен еркектің қосылып сажан әні естіледі:

Айттым сәлем, қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Ағар көзден ыстық жас.
Сенен артық жан тумас,
Туса туар артылмас,
Бір өзіңнен басқаға
Ынтықтығым айтылмас.

Өтеміс (жайнаңдап). Уа, қызық мұнда екен...

Көрші бөлмеге кетеді. Бірсыпыра бос. Тыстан дабырласып Шапшаңбай мен Сүндет кіреді.

Шапшаңбай (қызып сөйлеп). Әлгі, әлгі... Сен білесің оны... Әлгі ферманың майын қазынаға жөнелтеміз деп, кеспекке салып қойғанымызда соны бұздырып, он кило май әкетіп еді ғой біреу.

Сүндет. Білдім, «Торытай» де оны, былтыр соның соғымына торы тайды сойып беріп ек қой.

Шапшаңбай. Ие, ие, сол, сол жігіт те біздің қатынды мақтап... біздің үйде жатып еді ғой.

Сүндет. Менің таңданатыным – өзің бұрын батырақ болдым дейсің, осындай байдың қызын алудың...

Шапшаңбай (жымыңдап). Тым сорлы батырақ емес ем.

Сүндет. Е, е... Көже тоғым бар еді десеңші.

Көрші бөлмеде қосылып салған ән.

Бір өзіңнен басқаға

Ынтықтығын айтылмас.

Шапшаңбай (сұрланып). Әй,бұл не?

Сүндет (күлімдеп.) Үй сенікі, өзің білмесең... Әлде жеңгейді мақтап жатыр ма екен?

Шапшаңбай сұрланып, көрші бөлменің есігіне барады: Сүндет қағазын қопсытып, шотты қолына алады.

Сүндет. Түрт, шайтан, түрт! (Шотты сарт еткізіп қағады Шапшаңбай ашулы түрде бөлмесіне кіреді. Сүндет оған қарай қалып). Нағыз ақымақ-ау, ә... қырып тастайтындай болып құшырлануын, көрерсің, баласын көтеріп қазір қайта шығады... (Керіліп) есінеп, жамбастай жатып, аяғын екінші орындыққа салады? Газетті жыртып махоркадан үлкен ғып шылым орайды. Сүйтіп жатып өлең айтады.)

Деген соң атым Сүндет, атым Сүндет,
Колхоздың малын құрттым болып індет.
Болған соң қалқоз малып құлдыратып,
Ақ тілеу оны тағы маған міндет.
Келгенде ақ тілеуге өнерпазбын,
Күніне он-он бестен акт жаздым.
Талайдың шығарармын жаназасын,
Әлі де дәм бұйырып тұрсам аз күн...

Тыстан Парыз кіреді.

Парыз. Бұйырар дәм. Өзіңнің жаназаң шығарылмасын. Сүндет (басын көтеріп алып). Қой, әй...

Парыз. Сарайға қамаған Бәкенді шығарып алды. Үйін тінтіп жүрген менің бригадамды еріксіз таратты. Сүндет. Кімдер ол?

Парыз. Комсомолдар.

Сүндет. Құдай атыпты ғой.

Көрші бөлмеден Шапшаңбай бала көтеріп шығады.

Шапшаңбай.

Бәу-бөу-бөу,
Айналады әкесі-ау,
Айналады әкесі-ау,
Өзіне тартқан баласы-ау.

Сүндет (Парызға). Енді қайттік?

Парыз (ойланып). Дайында қағазыңды.

Шапшаңбай (елеңдеп). Әй, о не?

Парыз Жаз. (Парыз сөзін үзіп айтады. Сүндет жазғанын дауыстап оқып отырады.) «Комсомол ұясының хатшысы Қамза Қауғабаев... Үкімет нұсқауын бұзып... партия тәртібін қиғаштатып... Оңшыл-солшыл болып... бай-құлақтың агенті болып... үкімет дұшпаны, яғни жауы... астығын сандыққа тыққан... қуырып жеген Бәкен Шөмішбай ұлын сарайдан шығарып алды рұқсатсыз...» Жаздың ба? Менің қолымды қой. «Парыз Пайғамбарын». Қойдың ба? Тағы қағаз ал. (Сүндет қағаз дайындайды. Парыз ойланып сөзін бастайды.) «Жанбол Жауғашар ұлы... Тәртіпке бағынбай... Жарысқа қарсы шығып... үдетпелі жоспардың жауы болғандықтан... қалқоздан аластатылсын». Жаздың ба? Бұған үшеуіміздің де қолымыз қойылсын! Шапшаңбай! «Бәу-бәу» деп балаңмен бола берме, бұғалық мойынға түсуге жақын. «Парыз бен Сүндет жұртты жарысқа шақырғанда, сол берем деген астықтарын өздері берді ме екен, соны тез анықтау керек» деп комсомолдар бригада құрғалы жатыр дейді, ұқтың ба?

Сүндет. Ой, «берілді» деп мен әтмет соғып қойдым, міне, міне. (Қағазын қопсытады.)

Парыз. Тоқта. Сарайдағы астықты өлшесе қайтесің?

Сүндет. Ондама, онда... (Желкесін қасиды.)

Парыз. Жүріңдер, мына арызбен Талтаңбаевқа кіреміз. «Аристовать» дегізіп, тәртіп соққызып алсақ, сосынғысын өзім білемін.

Парыз алдыңда, Шапшаңбай соңыңда үшеуі көрші бөлмеге кіреді.

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

БІРІНШІ СУРЕТ

Алыста жыртылған жер, соқа, қостардың суреті. Сахна түбінде қапшықпен үйген тұқым, қасында күзетші. Сахнаның бір жағында қостың есігі, оның алдыңда от жағылып, мосыға шәйнек ілулі. Сахна ортасында дінгектің басында қызыл-қара тақта. Орта белдегі жалпақ тақтайға Жұпар қабырға газетін жапсырып жатыр. Ақсүйрік от басында іс тігіп отыр Шымылдық шашылған соң аздан кейін біреудің барылдаған даусы естіледі.

Бірінші дауыс. Ay, күзетші қайда? Уа, Ермағамбет, неге суғармайсың көлікті.

Екінші дауыс. О кім-әй, мені шақырған?

Бірінші дауыс. Heгe суғармайсың деймін көлікті?

Екінші дауыс. Не жұмысың бар, суғарайын, суғармайын, мое дело.

Бірінші дауыс. Ә, құдай атып кеткеннің сөзі! Ертең соқаны мойнымызбен сүйремек шығармыз, ә?А

Жұпар (қағазын жапсырып алып, алысырақ тұрып қарайды). Жеңеше, әу жеңеше!

Ақсүйрік. Әу, шырайлым.

Жұпар. Мына газетіме Талтаңбаев тағы байланысар ма екен?

Ақсүйрік. Мен несін біліппін?

Жұпар.Жоқ тыңдашы, мынау бас мақалам. «Егіннің санымен бірге сапасын қуу» деген. Дұрыс емес пе?

Ақсүйрік. Дұрыс болар.

Жұпар. Мынау Парыз бригадирдің соқа айдаған түрі. Жеңеше, суретін көрші келіп.

Ақсүйрік (тұрып). Салып та қойдың ба? (Үңіліп қарап.) Бәтір-ау...

Жұпap. Мынау жыртқан жерлерінің түрі ғой: соқа әр жерден бір тиген.

Ақсүйрік. Шырайлым-ау, мынаны естідің бе сен? Есберген бақа бар ғой, құдайдың жалмауызы, сол кеше қалаға апарып бір қап астық сатыпты.

Жұпар. Қойшы?

Ақсүйрік. Рас.

Астық күзетіп отырған Хайдар домбыра шертіп ән салады.

Мен баласы ем кедейдің жалба жеңді.
Кеңес орнап, басыма бақыт келді.
Қас дұшпанға түйлігіп қандасатын.
Бұл майдан мың дал санар мендей ерді.
Комсомолмын, күзетте талған емен,
Тайталаста қатардан қалған емен.
`Тапсырылған жұмысты талдап істеп,
Өмірде жаман атақ алған емен.

Ақсүйрік. Өй, айналып кетейін... Хайдарды айтам-ау, түн бойына өлең айтумен шығады. (Ақ сүйрік от басына барып, ісіне кіріседі).

Жұпар (ойланып). Хайдар, оу Хайдар!

Xайдар. Әу? (Бір қолында домбыра, бір қолында саяси сауат штабы, Жұпардың қасына келеді.) Келдік, тақсыр.

Жұпар (оның қолынан кітапты алып қарап). Саяси сауат кітабы ма? Оқып жүрмісің?

Хайдар. Қол тисе, оқығандаймын-ау... (Газетке үңіліп.) Пай-пай, біздің салған сурет қалай? Жұпар, дұрыстығыңды айтшы, нағыз суретші емеспін бе? Әй, мына бір жерің бос тұр ғой, мен өлең жазып берейін, ә.

Жұпаp. Түнеугідей ғып қызға ғашық болады.

Хайдар.Қой-ә, ене бойы деп пе ең мені? (Отырып жазбақшы болады.)

Жұпар. Сабыр ет. Есберген ғой тұқым себуші. Соны бақылауға Өтемісті белгіледік. Есберген кеше бір қап астықты қалаға сатып келіпті, бұл қалай?

Xайдар (шошына қарап). Ә, солай ма? Айтпап па ем: «Өтеміс нағыз өртеп жіберетін адам, комсомолдан он шақырым алыс қуу керек» деп.

Жұпар. Былай етсек... (Ойланып.) Өтемісті сол соқадан алмастырып, оның орнына Салықты жіберсек, қарсы болмайсың ба?

Xайдар (жүгініп алып). Бюро мүшесі деп менімен санастың бар ғой, Өтеміске жұмыс тапсыруыңа ұдай қарсымын. Жаным- ау, өзің ойлашы: осы тұқымның жалғыз дәнін жатқа жем қылмаймыз деп, жан ұшырып біз жүреміз. Қайдағы соғылғандармен ауыз жаласып ол жүреді... комсомолда жоқ Қарғабай құрлы септігі тиді ме соның? Көрген, білген, сезгенін Қарғабай бізге келіп айтады... (Сахна түбіне көтеріле қарап.) Қарғабай, әй Қарғабай! Келе кет мұнда.

Сахна түбінен бата жігіт Қарғабай келе жатады.

Xайдар. Есберген әңгімесін осыған сұрайықшы, сезген болса, жасырмайды. (Хайдар оған бұрылып.) Әй, сен мынаны сездің бе, Есберген бір қап астықты сатты деген сыбыс бар.

Қарғабай (ойланып тұрып). Сездім.

Хайдар (Жұпарға). Естіп тұрмысың?

Жұпар (ойланып). Дұрыс. Ертең мына Қарғабай мен Салықты жаныңа алып, осы жұмысты сен анықтап шыққанша тұқым ұрланды екен, ұрлаушылар кімдер екен. Содан кейін...

Хайдар. Е, осылай десейші маған.

Жанбол сахнаға таяқ сүйретіп шығып, Ақсүйрікке кідіреді.

Жанбол. Мыналар неғып жатыр?

Ақсүйрік. Газет жазып жатыр білем.

Жұпар (жалт бұрылып). Ағай-ау, неғып көрінбей кеттіңіз?

Жанбол. Е, көрінгенде мен не істеймін? Газет жаза алмаймын.

Жұпар. Ақылыңызды айтар едіңіз?

Жанбол. Ақыл бар ма менде? Ақылым болса, қалқоздан шығып қалып, қаңғырып жүрер ме едім? Ақыл сендерде. Газет жазып, оны тақтайға жапсырып, жауды мұқатып-ақ жатырмысыңдар. Мұқап-ақ қалыпты, ха-ха-ха...

Жұпар. Ағай-ау, енді...

Жанбол. Айналып кетейін-ау, сен газет жазған екен деп, жау мұқар ма? Бірінші – жауың тамырланып шайқы болып алса; екіншісі – жегі құрттай ішіңді кеулеп жеп жатса...

Жұпар. Сіздіңше емі не?

Жанбол (қатуланып таяғын көтеріп). Оның емі міне! Желкесін үзсең ғана үні өшеді оның.

Ақсүйрік. Дарылдақ-ау, соғыстан басқа білерің бар ма сенің?

Жанбол. Майдан болған сон, соғыс керек! Басқанды мен білмеймін. (Жұпарға.) Жаза бер, қарағым, жаза бер. (Жанбол кетеді.)

Хайдар (жайраңдап). Жұпар, Жұпар, шығып қалды, шығып қалды. (Оқиды.)

Жыртқан жердің шығалы күндіз шаны,
Жыбырлаған көп адам соқа маңы.
Еңбек десе, екпіндеп, ентелемей,
Қалқанын төзеді екен неғып жаны?

Сахнаға дәбдірлеп Шапшаңбай шығады.

Шапшаңбай.Келіп қалды, ойбай, келіп қалды. Талтаңбаев. Доклад, соқа. Уай, жиналыңдар, жинал, жинал!.. (Дәурен, Өтеміс, тағы біреулердің басы қылтиып, қостың жанында отырады. Жұпарлар да сонда барады. Шапшаңбай аптығып.) Отыра қалыңдар. Соқа туралы жаңа тәртіп. Талтаңбаевтың тәртібі... Бәкен, сандығың болса, бері шығар. Қап, қазақшылығымыз-ай, сыпайы қонаққа орындығымыз да жоқ.

Сандықтан үстел істейді. Парыз бен Сүндетті ертіп сахнаға Талтаңбаев шығады, ақ жаға, білегінде таяқ.

Талтаңбаев (сандыққа отырып, жағалай қарап). Бәрің де амансыңдар ғой, ә?

Шапшаңбай.Аман-ақ, өте күйлі... Ал жиылыс ашық. Сөз алды Талтаңбаев жолдас.

Талтаңбаев шылымын тұтатады. Көзілдірігін киеді. Парыз бен Сүндет газетке үңіледі.

Ақсүйрік (Бәкенге). Басынды қағып алмас, батыра-батыра айт: «тұқым ұрланбасын» де, «тұқымды басқарма маңындағылар ұрлайды» де, «егінді бабына келтіріп, дұрыстап себеміз» де.

Парыз. Айтшы, Сүндет, осы қыз неге өшігеді маған?

Сүндет. Жау болған соң.

Парыз.Жо-оқ... Осы қыз несін біледі дейсің соның?

Сүндет. Баяғының қызы деме, қыз өзгерген.

Парыз. Өзгерген жоқ.

Сүндет. Өзгермесе, мынау не? (Газетті нұсқайды.) Кімнің құлманың ашып отыр? Баяғының қызы осыны істей алып па еді?

Талтаңбаев. Товарищи! Мен түн ішінде келдім. Неге? Тәртіп бере келдім, понятно? Темпі жоқ соқада. Саботаждық, содырлық күшейді... (Ақсүйрік Бәкенді түрткілеп отырады.)

Бәкен. Не айт дейсің, бір сөзіне түсінгем жоқ.

Ақсүйрік. Өз сезінді айт!

Талтаңбаев. Массаның арасында жұмыс жоқ. Қайда біздің комсомолдарымыз.

Парыз. Комсомолдар бізді қаралап газет шығарады, осыны баса өтіңіз.

Талтаңбаев. Правильно, біздің ударнигімізді, преданный активімізді қаралап, массаның көзінде аптариқасын түсіріп... Понятно?

Жұпар. Қылмысын бүркей алмаспыз.

Талтаңбаев. Ғапу етіңіз, қарындас, мүмкін болса докладты перевивать қылмасаңыз...

Сүндет (Парызды түртіп). Қадалып келеді, қадалып келеді... Өшіктіре түс.

Талтаңбаев. Комсомолдың бұл ісін срыв деп түсінеміз. Бұған жол берілмейді. Соқа бітіріледі. Бұл менің тәртібім, понятно? Бұған жауапты болады Парыз Пайғамбаров. Товарищ Пайғамбаров, понятно?

Парыз. Понятно...

Талтаңбаев. Неше күн срок керек?

Парыз. Срок не, срок?.. (Ойланып.) Он бес күн.

Талтаңбаев.Маладец! Міне социалды құрылыстың екпінді ері. Басқарма, дауысқа сал!

Шапшаңбай.Ал понятный болды. Ay, жамағат, Талтаңбаев тәртібін дауысқа салам, ал көтеріңдер бірің қалмай!

Ақсүйрік (жұлқынып). Сөз бер маған!

Шапшаңбай.Не айтпақшы ең? Эй, эй, скандал қатын екенсің, ә.

Парыз. Сөз берме, постой, калакайттың орны бұл емес.

Шапшаңбай.Ал, бітті, бітті. Бәрі понятнай. Бәрің де енді. Парыздың қарамағындасыңдар...

Жұрт даурығады. Парыз Талтаңбаевқа бірдеме айтады.

Талтаңбаев. Қане?

Парыз. Міне. (Газетті нұсқайды.)

Талтаңбаев. Сыпыр!

Сүндет газетке ұмтылғанда Хайдар тіреп тура қалады.

Хайдар.Так... Так. Көзіңді ашып қара.

Парыз. Салып жібер жаққа.

Талтаңбаев. Тыс-с... Тәртіппен... (Тақтайға барып Сүндетке.) Сыпыр, алып жүр.

Жұпар (сұрланып). Мұныңызды не деп түсінеміз? Талтаңбаев (ара қарап). Комсомолдарды жинап ертең кеңсеге келіңіз, сол жерде тәртіп берем, понятно?

Хайдар. Ә, болмайды, ағай. Мәселен мен тұқым күзетшісімін.

Талтаңбаев (оған жалт қ