21 Мамыр, Сейсенбі

Әдебиет

Бейімбет Майлин
Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин (1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Көзілдірік






(пьеса)

Үш перделі комедия

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Байсалбай — қырық жаста.
Ормантай — отыз жаста.
Бақыт — отыз бес жаста.
Ақбан — отыз жаста.
Қоянбай — қырық бес жаста.
Жүсіп — жиырма бес жаста.
Қасен — жиырма бес жаста.
Жамал — он бес жаста.
Шал.
Дәметкен.
Орта жасты кісі.
Шал күйеу.
Бала.
Әйел.
Жігіт.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Шымылдық ашылғанда сахна екіге жарылып көрінеді: біреуі алдыңғы бөлме, екіншісі төргі бөлме. Төргі бөлмеде екі терезе бар, ортада ауыз үйге шығатын есік. Үйдің оң жақ қабырғасында терезеге таяу шкаф, шкафқа таяулау нақ төрде — болыстық атком ағасының үстелі; оған таяу — ортадағы есік жақта хатшының үстелі; үстел үстерінде тәртіпсіз бұрқырап жатқан ескі газеттер. Арыз, түрлі іс қағаздары... Шкафтың маңайында — жерде қоқырсып жатқан ескі газеттер. Ауыз үйдің төр жағыңда көшірушінің үстелі бар.

Бірінші көрініс

Төр үйде болыс пен хатшысы. Болыс Байсалбай — желегейленіп, тақияшаң, тырнағын алып отыр. Хатшысы — Ормантай кішкене айнаға қарап шашын тарап отыр. Шашының үрпиген жерін, алақанына түкіріп алып, сипап қояды. Одан кейін жазуына кіріседі. Ауыз үйде қағаз көшіруші — Жүсіп үстелге жабысып бірдемені жазып жатыр. Далаға шығатын есікке таяу босағада көшір — рассыльный Бақыт таспамен жүгеңді көктеп отыр.

Жүсіп (басын көтеріп, жымыңдап). Бақыт, Бақыт!..

Бақыт. Ау.

Жүсіп. Әй, мен бір тамаша өлең жаздым-ау...

Бақыт. Кімге? Тағы Жамалға шығардың ба?

Жүсіп. Үй, сол ант ұрғаныңды қойшы. Қашанғыдан бұрын шаршап өлетін болдым.

Бақыт. Неге? Сөзіңді тыңдамай ма?

Жүсіп. Шын тыңдатайын десем, тыңдатар едім ғой, бірақ өзін онша ұнатпаймын...

Бақыт. Неменесін ұнатпайсың?

Жүсіп. Құр жылтыраған беті болмаса, мінезі онша емес, ойнап-күлуді білмейтін шығар деймін.

Бақыт. Олай десең, сен қыз сынауды білмейді екенсің. Жамалдан қыздың озуы сирек болар... Менсінбейді десейші...

Жүсіп. Кімді? Мені ме? Менсінбесе әкесін танытармын. Бірақ қайтейін деймін ғой.

Бақыт. Бастығың болыс болып — сендер бел күшке салғыларың келеді-ау. Бел күшпен қыздың көңілін аудару қиын ғой.

Жүсіп. Болыс қашан бел күшке салды?

Бақыт. Үй, шырағым-ай. Жүрмеген соң білмейсің ғой. Мына жүріп жүрген біз білеміз. Оны қой, өлеңіңді оқышы, кімге шығарғаныңды білейін.

Жүсіп (қағаздарын аударыстырып). Біреуге арнап шығарған емес; мына бір газеттегі өлеңді оқыдым да, сосын жаза салып едім... тыңда. (Оқиды.)

Қазақтың атқа мінген балалары,
Елінің алға ұстайтын даналары.
Қазақтың надан елін ел қылам деп
Келгенше тырысып жүр шамалары...

Бақыт. Қой, мынауың өтірік.

Жүсіп. Неге?

Бақыт. Ел ішінде қазақты ел қылам деп жүрген адамды көргенім жоқ, «жем қылам деп» десең нануға болар... (Екеуі сөз таластырған түрде күбірлеп сөйлескен болып отырады.)

Байсалбай (Ормантайға қарап). Рүстемнен хат келді дедің бе?

Ормантай. Иә.

Байсалбай. Не депті?

Ормантай. Басқа сөз жоқ. Түнеугүні беріп жіберген сүрді алдым,—депті. «Келініңнің бөкебайы тозып жүр, соған бір түбіт ескеріп қоярсың», — депті...

Байсалбай. Әй, сол кер қатынның-ақ керегі таусылмайды екен: біресе кілем керек, біресе көрпе керек... Тағы не айтыпты?

Ормантай. Бір айтарлық хабары — «Болыстың үстінен арыз түсе бастаған көрінеді. Абайлап жүргені жөн, заман жаман ғой», — депті.

Байсалбай (шошынған пішінмен). Арыз түсе бастады дейді? Оны кім екен беріп жүрген?

Ормантай. Оншасын айтпапты...

Байсалбай. Әй, жұрт та қарап жүрмейді-ау... Менде не аталарының құны барын білмеймін. Былтыр бір мұғалімі газетке жазып сыбады... Дәуде болса тағы сол мұғалімдер шығар... (Ормантай екеуі сөйлесіп отырған болады.)

Екінші көрініс

Киімі жұпыны бір шалдау кісі есіктен келіп кіреді.

Бақыт. Салаумалейкүм! Е, Ісеке, мал-жан аман ба?

Шал. Бақытпысың? Денін сау ма? (Жан-жағына қаранып.) Мына Алексейдегі складтан бір сүт машинесін алмақшы едім, соған болыстан дастабірінже керек дегені.

Бақыт. Мына жігітке айтыңыз, Есеке, мен делбе ұстаудан басқасын білмеймін ғой.

Шал (Жүсіпке төніп). Шырағым, мен екінші ауылдікі едім.

Жүсіп (сөзін бөліп). Не керек еді?

Шал. Дастабірінже. Сүт машинесін...

Жүсіп (сөзін бөліп). Мынау үйге барыңыз, солар біледі. (Есікті көрсетеді. Өзі тағы жазуына кіріседі. Шал үріккен адамдай ептеп қана ашып кіреді. Байсалбай мен Ормантай сөздерін бөліп, шалға қарайды, шал Ормантайдың үстеліне төніп.)

Шал. Шырағым, мен екінші ауылдікі едім. (Шал сөзін айта бастағанда, Ормантай қағазын аударыстыруға кіріседі.) Мына Алексейге келіп едім... Кемпірім машина керек деп мазамды алып жүр еді. Ауылда қисық бастың үйінде бар еді, сүтті апарып тартайын десе, сиыр басына айына бес қадақтан май алады. Оның үстіне бала-шағаға ұрысып, жекіріп болатын көрінеді. Сосын құдайға тапсырып, бір ту ала сиырым бар еді, сиырдың өзі де үш-төртеуден аспайды, соны сатып, алмақшы болғаным. Соған мына қалаға келсем, тіліне де түсінбеймін, бір жас жігіт отыр екен, дастабірінже дегендей болды. Тегінде дастабірінжесіз болмайтын шығар деп әдейі осында келгенім ғой...

Ормантай (қағазын аударыстырып жатқан күйі). Мына болысқа айтыңыз.

Шал (аңырайып аз ғана тұрып, Байсалбайдың үстеліне жақындайды. Байсалбай да бұрқырап жатқан қағаздарын бұрқырата бастайды). Болыс шырағым, көрмеген соң танымайтын да шығарсың. Мен — мына екінші ауылдағы Ерсарының көршісімін. Бала күнінде Тәкеңе еріп Ерсарының үйіне барып жүргенінде, бірен-саран көргенім бар еді.

Байсалбай (ұнатпаған пішінмен). Не керек еді?

Шал. Дастабірінже керек еді.

Байсалбай. Ана хатшыға айтыңыз.

Шал (аңырайып тұрып, қайтадан Ормантайдың үстеліне төнеді). Шырағым, әлгіні...

Ормантай (ежірейе қарап). Нені?

Шал. Әлігі дастабірінже...

Ормантай. Мына алдыңғы үйде отырған балаға барыңыз.

Шал (aң-таң, болып). Шырағым-ау, ол баланың өзі сіздерге жіберді ғой.

Ормантай. Отағасы, жұмыс істеп жатқанда мазаны алмас болар. Бар дегенге түсіне қою керек. Қазақша айтып отырмын... (Шал шарасыздан шығып, Жүсіпке келеді.)

Шал. Шырағым, дастабірінжені сен беретін көрінесің ғой.

Жүсiп (жазуын жазып жатып). Отағасы, мұнда удостоверение берілмейді, ауылнайға барыңыз.

Шал. Ойбай, шырағым, айта көрме. Ауылнайға бар дегенің, таза үйінде отыр дегенің ғой. Арық атпен сексен шақырым жерден ауылнайды іздеу оңай ма. Барғанмен үйінде болса жақсы, үйінде болғанда да, хатшысы жоқ, дастабірінжені жазып та бере алмайды...

Жүсіп (басын көтеріп алып). Енді маған қайт дейсіз?

Шал. Шал адаммын ғой, бірдеме қылып жібер, шырағым!

Жүсіп. Болмайды, ауылнайдың істейтін жұмысын біз істей алмаймыз.

Бақыт (жүгенін тігіп жатып). Осы шалға сүйкеп бере салсаң да еш нәрсең кетпес еді. Өлең құрлы жоқ па?.. (Жүсіп ала көзімен қарайды.)

Шал (Бақытқа келіп). Шырағым, мұнысы қалай?

Бақыт. Бұл солай, Ісеке... менің тілімді алсаң, ең әдемісі — сол складтың бастығына барып жабыс. Өзі бірдеме қылып бергізеді.

Шал. Тілін білмеймін-ау...

Бақыт. Бірдеме қылып амалдарсың.

Шал. Болмас, болмас! Қайтейін, барып быдырақтап көремін де... (Шал шыға берем дегенде, Қасен мұғалім келіп кіреді. Шал есік алдында тұрады.)

Үшінші көрініс

Қасен Бақыт, Жүсіппен қол алысып амандасады, одан төргі үйге барып, Ормантайдың қолын алды, Байсалбайдың да қолын алады.

Байсалбай. Е, елдің көзін ағартушысымысың?

Қасен. Әлден келгенше тәрбиелеген болып жүрміз ғой.

Байсалбай. Жалунжа алуға келген шығарсың?

Қасен. Иә.

Байсалбай. Ақша жоқ.

Қасен. Бірдеме қылып тапқаныңыз дұрыс болар. Мен өткен айдікін де алған жоқпын ғой.

Байсалбай.Сендер үшін өзімді базарға сата алмаспын.

Қасен. Ондай сөздің керегі не, бізге өз қалтаңнан бермейсің ғой, бюджеттің ақшасы.

Байсалбай. Бюджеттің ақшасын орынсыз шаша берсін дегенді есіткен жоқпын.

Қасен. Мен орынсыз сұрап тұрғам жоқ, еңбекақымды сұраймын. Еңбекақымда ешкімнің дауы болмаса керек.

Байсалбай. Шырағым, үйтіп шатынама, мені Сібір айдата алмайсың. Жоқ ақшаны мен жерден қазып таба алмаймын. Ақша түскенде берілер.

Қасен. Жарайды. Бермесеңіз, берме. Дауласқыңыз келген шығар, дауласып та бір көрейік... Жалына-жалына өлдік қой... (Ашулы күйі шыға жөнеледі. Байсалбайда, Ормантай да ала көздермен қарайды. Есіктің алдында тұрған шал Қасенге еріп шығып кетеді.)

Байсалбай. Боқ жеген күшіктің сөзін көрдің бе?! Өзі мүлде әкіреңдеп барады. Ерегіссе мен мүлде мұғалімдіктен шығарып тастармын... Өзін шығарып тастауға болмас па екен?

Ормантай. Қайдам...Тұрған ауылынан арыз түсіп бірдеме болмаса.

Байсалбай. Арыз түсіру оңай ғой. Ондағы Ертайға сыбырласақ, сыбайды да береді... Сондай бірдеме қылмасақ, мынау төбемізді жарар-ақ. Былтырғы газетке жазып жүрген де осы. Құдайдың құдіреті, әкесі оңбаған Нұрыш еді.

Төртінші көрініс

Он-он бес шамасындағы бір бала үйге жүгіріп кіріп, Байсалбайға жетіп барады.

Бала. Әке!

Байсалбай. Е,немене? Неге ентіктің?..Сүрт мұрныңды!

Бала. Әжем қағаз берсін дейді... Үлгі пішем дейді.

Байсалбай (үстелдің үстін көрсетіп). Мына қағаздарды ал. (Үстелде қоқырсып жатқан бірсыпыра газеттерді бала құшақтап алып, шыға жөнеледі.)

Бесінші көрініс

Ормантай (Байсалбайға). Бірсыпыра істер бар еді, соны қалай қылу туралы сөйлесеміз бе?

Байсалбай. Жарайды, әкел... (Есікке қарап.) Бақыт барма?

Бақыт. Мындамын (жүгенді тастап келеді.)

Байсалбай. Бар, далада бол. Мені іздеп келуші болса «болыстың собраниясы болып жатыр» деп кіргізбе. (Бақыт шығып кетеді, Ормантай бірсыпыра қағаздарды бұрқыратып көтеріп келіп, болыстың үстеліне отырады.)

Ормантай. Мынау бір қағаз өте тығыз екен, шесланың онынан қалдырмай орында деген екен. Бүгін он бесі болып қалды ғой.

Байсалбай. Одан бері қайда жүрген?

Ормантай. Ашылмай жатқан пакеттердің ішінде қалған ғой.

Байсалбай. Жаз ауылнайларға, бір күннің ішінде осыны орнына келтір де.

Ормантай (екінші бір қағазды алып). Мына біреуін қанша оқысам да түсіне алмадым.

Байсалбай. Неменесіне түсінбедің, қазақша жазған емес пе...

Ормантай. Жазуы қазақша болғанмен, сөзі қазақша емес шығар деймін.

Байсалбай. Оқып көрші.

Ормантай (оқиды). «Қайын түп болыстық атқару комитетіне уез атком губерне атком қаулысымен соған сүйеніп майдың он бесі, 1925 жыл, нөмірі 1825-нің үшін сол қаулының үш параграфы бойынша бұдан былай, яғни майдың он бесі...» Байсалбай қолын сілкіп). Қой құрсын, таста, өздері де не екеніне түсінбей жазған шығар, делаңа қоса сал.

Ормантай (тағы бір пакетті көрсетіп). Мына біреуі орысша, сыртына «өте тығыз» деп жазыпты. Тығыз болғанмен орысшасына түсіне алмадым...

Байсалбай. Түсінбесең, тастай сал. Тағы не бар?

Алтыншы көрініс

Үйге асығып Бақыт кіреді.

Бақыт. Бір төре келіп түсіп жатыр!..

Байсалбай, Ормантай (жалт қарап). Қандай?

Бақыт. Аузы ыржиғандау, көзілдірігі бар бір қара.

Байсалбай. Қазақ па?

Бақыт. Қазақ.

Байсалбай. Бар, түсіріп алып кел. (Ормантайға.) Сен де барсайшы. Уезден келген бірдемелер шығар, тым қатты көрінсе алдын алып көңілін табу керек. (Бақыт пен Ормантай шығып кетеді. Байсалбай орнынан тұрып, үсті-басын жөндеген болады. Жердегі газеттерге көзі түсіп.) Газеттің бірдемелері болып, жазып кетіп жүрер, мына құрып қалғырларың жинайыншы. (Аяғымен ысырып шкафтың артына жібереді.) Болыс болған құрылым зықым шығып та болды. Өзіңмен өзің болып шалжиып жататын бұрынғы дәурен қайда... Уай, дариға-ай! Баяғы талас штатта болыс болып сайланып шыққанымда жалғанды жалпағынан басып ем-ау!.. Осы күні толып кеткен бір төре, қайсысының үлкен, қайсысының кіші екенін де білмейсің. Біреуіне жағынып, біреуіне жағынбасаң, бірдеме қылып түсіріп тастай ма деп қорқасын. Өздерінен сұрасаң, бәрі үлкен, мен кішімін дейтін біреуі жоқ. Бәрі де «мен бәрінің үстінен қарай шықтым...»—дейді. Кілең үстінен қарай бергенше астынан қарайтын да біреуі болса қайтеді екен. (Қағаздарын жинастырып жатып, ашулы жатқан бірсыпыра пакеттер тayып алады. Одырайып біраз қарап тұрып.) Әй, Ормантай-ай, салақсың-ау, келген пакеттерді орындамағанмен де, тым болмаса сыртындағы қабын жыртып, «делоға» қосып қойса қайтеді екен. Осы салақтықпен жүргенде бастың кетіп қалғанын да білмеспіз...

Жетінші көрініс

Есік ашылып, алдыңғы үйге көзілдірікті судья Ақбан, Ормантай, Бақыт кіреді. Ақбан мен Ормантай төргі үйге кіреді. Бақыт пен Жүсіп бірдемені қызу сөйлесіп тұрады, Ақбан үйге ыржаңдай кіреді.

Ақбан (ыржаңдап). Е, болысеке, салаумалейкүм...

Байсалбай (қуанып кетіп). Ойбай-ау, Ақбанбысың? (Жалма-жан қолын алады.) Апырм-ай, әлігі осы жаққа уез шығады-мыс дегенді есіткелі зәрем жоқ еді. Сол келіп қалған екен деп сасып ем.

Ақбан. Түу... содан қорқып жүргенің бе?

Байсалбай (күліп). Біз сендердей үлкен әкім емеспіз ғой, сосын қорқа береміз.

Ақбан (қылжақтап, ыржаңдап). Әй,сен жақсысың ғой. Сені мүлде сағынып қалдым... (Үстелге отырып екеуі қызу сөйлесіп, мәз-мейрам болады. Ормантай үстеліндегі қағазын жиыстырған болады.)

Бақыт (Жүсіпке). Біздің болыстың құдайы берді. Мынаны мен танымай отырсам, былтырғы көзілдірікті содья екен ғой... Мұны енді болыс арбасына салып, араламаған жер қалдырмайды... Қайда сұлу қыз болса, сонда қонады. Қонған, түскен жерінде сойылған тоқты, арақ — бәрі дайын тұрады.

Жүсіп. Саған да қолайсыз болмайтын шығар.

Бақыт (күрсініп). Жоқ, маған көңілді емес, мен қызық көре алмаймын. Болыстың мәжілісіне келген мырзалар, игі жақсылар маған малай деп қарайды... Оның үстіне, қонған, түстенген жердегі қыз-келіншектерге сөз айтып кел деп болыс мазаны алады; болыстан бетер мына содья мазаны алады. Өзі жынды неме, тек әйел көрінсе, соған ғашық болдым деп, әлек салып жүргені... Былтырғы келетінінде Жұрымбайдың үйіне қондық. Жұрымбай үйінде жоқ екен, төсекке жатқан соң қызға барып сөз айтып кел деп, болыспен екеуі мазамды алмас па, барып едім, өзі өткір патшағар екен, өзімді мазақ қылып, ит масқарамды шығарды... Жанында бір қыз жатыр екен, о да тәлкек қылды: «бөтенді қайтесіз, өзіңізде қартайып тұрған жоқ көрінесіз ғой, өзіңіздің жаныңызды қарастыруыңыз керек қой...» — дейді жанындағы қыз. «Содьяларың өте сұлу жігіт екен, мен де ғашық болдым. Сәлем айта бар. Тағы бірде жолығармыз...»—деп Жұрымбайдың қызы тәлкекке салды...

Жүсіп. Қыздардың сөзін бұларға айттың ба?

Бақыт. Айтқам жоқ. Айтсам ашу шығарса, зорлап жүре ме деп қыздарды аядым... (Екеуі сөйлесе береді.)

Ақбан (ыржаңдап). Әй,сен жақсысың ғой! (Байсалбайдың арқасынан қағады.) Сонымен не деді?

Байсалбай (күлімсіреп отырып). Содья сізге өкпелеп кетті деп ем, қайтейін өздеріңізден ғой, күн бұрын айтпадыңыздар деді. Енді келсе, дайын боласын ба деп едім, ретіне қарай көрерміз деп күлімсіреді.

Ақбан. Әй, өзі сұлу-ау... Сұлу ғой, ә?!. «Күн бұрын айтпадыңыздар», — дейді... Сөзін қара. Енді ол қыз құтылмас. (Орнынан тұрып жүріп кетіп, Байсалбайға айналып келеді.) Өкпелеп кетті деп айттым дейсің бе. Әй, сенде қусың-ау...Молодец... Енді қашан жүреміз?

Байсалбай. Ертең жүрем десең, де мен дайын. Қане, үйге барып қымыз ішейік.

Ақбан (ыржақтап бара жатады). Ой, сен жақсысың-ау... (Байсалбай, Ақбан, Ормантай үшеуі шығып кетеді.)

Бақыт (Жүсіпке). Сен өлеңші болсаң, осыларға өлең шығарсаң екен.

Жүсіп. Не деп?

Бақыт. Не дейтіні бар, міндері көзге көрініп тұрған жоқ па. Өзім өлең білсем, осы содьяға өлең шығарып, жұртқа күлкі қылып қояр ем. Айтпақшы, Қасен осыған өлең шығарды деген сыбыс бар.

Жүсіп. Қайдағы Қасен?

Бақыт. Мына Алабұға болысында Қасен дейтін бар. Өлеңші жігіт... Былтыр Алабұға болысының кеңсесі өртенгенде, Қасен былай деп өлең шығарыпты:

— Ассалаумәлейкүм, Сұлтеке,
— Әліксалам, Сүріеке.
— Е, не болды?
— Кеңсе кеткен,
Түбіне жеткен...
— Болар деп солай
Ойлаушы ем көптен.
— Қандай нәрсе кетті?
Қалған жоқ па тіпті?
— Үй, не қыласың —
Болыстың былығы кетті,
Бидің шышығы кетті.
Несін сұрайсың, жаным,
Талайдың қылығы кетіп,
Тәртіпшінің журналы кетті,
Тергеушінің тұрманы кетті.
Іші толған бұйым еді,
Сандық толған тиын еді,
Әйтеуір соның бәрі кетті...
— Енді, несі қалды?
— Сорайған пеші қалды.
Үйілген күлі бар.
Оңбайтын түрі бар.
Бөтен түк те жоқ,
Жалғыз-ақ мөрі бар...

Жүсіп. Қызық екен. Ал содьяға не деп шығарыпты?

Бақыт (Жүсіпке қарап тұрады). Сен содьяға айтып қойып, мені ырыстауын қылып жүрер.

Жүсіп. Әй, осы сенің сенбейтіндігің-ай... Неше сөзіңді кісіге айттым?!

Бақыт. Жарайды, айтайын. Былтырғы ел аралайтынымызда Таңсықбайдың үйіне барып қонғамыз. Таңсықбай үйінде жоқ екен. Жатарда шешесі қызын бөтен үйге жатқызыпты... Түнде содья қызға қол салам деп барса, қыз жоқ... Бір мезгілде бұрқылдап бізге келді: әйда, жүр, қызды іздейік деп. Мелет сені оятып киіндірді. Болыс «ұят болар» деп азырақ қынжылды да, жата берді. Содья, мелетсе үшеуміз шықтық. Әр үйді барып бір оятамыз.

Жүсіп. Сонда, не деп сұрап жүрсіңдер?

Бақыт. Таңсықбайдың қызы бар ма дейміз...

Жүсіп. Ұят екен!

Бақыт. Шеткі бір үйден таптық. Оттықты шағып жіберсек, екі қыз бір төсекте құшақтасып жатыр екен.

Жүсіп. Ал, сосын не деді содья?

Бақыт. Қызға ұрысты. «Көргенсіз! Неге үйіңнен қашасың?! Біз адам жемейміз, үйіңе жүр!..» — деді.

Жүсіп. Қыз не деді?

Бақыт. Қыз жаман қорықты. Бізбен еріп үйіне келді. Сол оқиғаны Қасен естіп, өлең шығарыпты.

...Сойдақ тісті содьям,
Содырын асты күн сайын.
Мелетсең әзір жанында,
Демейсің кімді жұмсайын.
Қыз жазығы не еді?
Деп пе едің жай ұрсайын.
Кім сескенбес мылтықтан,
Әне, қызың тұр дайын!..
Бір жабылмас дейсің бе,
Жұрт келтірсе ыңғайын...

Сегізінші көрініс

Кеңседе Бақыт пен Жүсіп, біреу ептеп есікті ашады. Орта жасты бір кісі мен сақалына ақ кірген шал, он екілер шамасында, басыңда бөкебайы бар бір әйел бала кіреді.

Орта жасты кісі. Бізге болыс керек еді.

Жүсіп. Жайша ма?

Орта жасты кісі. Мына отағасымыз үйленіп еді, соған неке қидыруға келгеніміз ғой.

Жүсіп. Неке қию үшін қыздың бірге келуі керек. Ырза болып тигендігін қыз ауызба-ауыз айтуы керек. Қыздарыңыз қайда?

Орта жасты кісі. Міне (жас қызды көрсетеді.)

Жүсіп. Не дейді? Он жасар қыз алпыстағы шалға тиюші ме еді?

Орта жасты кісі. Ойбай, шырағым, он жасар емес. Жасы биыл он бестен он алтыға шығады. Бойының аласалығы ғой. Нанбасаңыз ауылнайының берген қағазын көріңіз. (Қалтасынан алып, Жүсіпке береді. Жүсіп оқып, ашуланады.)

Жүсіп. Жоқ, отағасы, бұл қулығыңыз іске аспас. Мұны істеген үшін сіз де, өтірік куәлік берген ауылнайың да түрмеге отырады. Осында содья келіп жатыр, мен қазір содьяға айтам. (Жүсіп үйден шыға жөнеледі. Күлімсіреп кішкене тұрып Бақыт та кетеді. Қыз әкелгендер аң-таң болып тұрады.)

Шал күйеу (сасып). Осында келмей-ақ қояйын деп едім, жоқ жерден желіктірдің-ау, масқара болып өзім ұсталып қалмасам жарар еді!

Орта жасты кісі. Қорықпа, еш нәрседе болмайды, әлгі бір дәбдірлеген жынды неме, оның қолынан еш нәрсе де келмейді. Болысқа айтсам, өзі реттеп жібереді (крага төніп), антұрғанның қызы, солбыраймай, жаны бар адамға ұқсап дұрысталып тұрсайшы. (Иығынан тартып қозғайды. Қыз жылайды.) Өй, көзің ақсың, антұрған. Менің міндетіме келіп тұрсың ғой. Менің жазығым сені бұл қылып, әкеңе мал алып бергенім бе?

Тоғызыншы көрініс

Үйге Жүсіп пен Ормантай кіреді.

Жүсіп. Міне, қызының түрін қарашы! Осыны он алтыда дегенге кім нанар.

Кісі (күлімсіреп, жағымсынып). Шырағым Ормантай, мына баланың өзі бір ұртты-ау деймін, біз өтірік айтамыз ба, ауылнайынан қағаз да әкеліп отырмыз.

Ормантай. Қағазыңыз қайда?

Кісі (Жүсіпті көрсетіп). Мына бала жаңа алып кеткен.

Ормантай (Жүсіп ала көзімен қарап). Біреудің қағазында не жұмысың бар, бері әкел!

Жүсіп (қалтасынан алып жатып). Бұл қағазды бергені үшін ауылнайының өзін сотқа беру керек.

Ормантай (қағазды қолына алып). Ондайды тексеру сенің жұмысың емес, тыныш қана жүр. (Кісілерге.) Мына үйге жүріңіздер! (Төргі үйге кіреді.)

Кісі (жайнаңдап). Әй, шырағым-ай, артынды байқамай, мені құр далаға қысып жүр екенсің ғой. (Мазақ қылған пішінмен күліп төргі үйге кіреді.)

Оныншы көрініс

Жүсіп жалғыз.

Жүсіп (аңырайып тұрып). Білдім, білдім! Бақыт бейшара зарлайтын еді, рас екен. Бірақ тасқанның да бір түсуі болады дейтін еді. Қанша ұзаққа бара қояр екен! (Отыра қалып өлең жазуға кіріседі.)

Он бірінші көрініс

Бақыт келеді.

Бақыт (күліп). Бұрқылдатып жатқанын, не, тағы өлең бе?

Жүсіп (жайнаңдап). Өлең тыңда (Оқиды.)

Ескілік торын құрған
Шыға алмай қалың тордан,
Еңбекші ел маталуда
Жас күпігер, жетші жылдам,
Еліңе нұрыңды сеп!
Еліңе жаңалықты ек!
Жас күштер жігеріңмен
Ескіні сыпырып төк!..

Бақыт. Міне өлең! Осындайды жазсайшы. Мұны енді газетке жібер.

Жүсіп. Жіберем! Болыстың, содьяның не бар бұзықтығын қалдырмай жазам! «Осыған жоғары орындар тез шара қолданса екен!» — деймін.

Бақыт. Жаз, жаз! Куәң бар ма десе, бәрін де Бақыт біледі де. Наурызбайдан ат алғанын, Жексенбайдан шапан алғанын — бәрін де Бақыт біледі де. Бақыт мөлдіретіп мойнына салып береді де. Бәлем, қашанғыдан бұрын ызасы өтті, пот-сот кетсемде, осы екеуін түрмеге бір тықтырсам, арманым болмас еді!

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Түн. Ағаштың алаңы. Шымылдық ашылған кезде алтыбақанға мініп, теңселіп өлең айтқан қыздардың әні естіледі.

.. Ауылым қара көлдің жағасында,
Айдыпы қалың құрақ арасында.
Өсірген сылап-сипап, қайран елім,
Артымда шыныменен қаласың ба?!
Кербесті, кекіліңді өрдім тарай,
Құдай-ай, телміреміз кімге қарап?
Бірге өскен кішкентайдан құрбы-құрдас,
Кетерсің көрмегендей жат боп әлі-ақ!..

Бала-шаға, бозбалалардың жаң-жұң дауыстары естіліп тұрады.

Бірінші көрініс

Алаңға бір жігіт пен бір жастау әйел келіп шығады.

Әйел. Кәне, оңашаға әкелдің ғой, айтшы!

Жігіт (күлімсіреп). Былайырақ... Ана ағаштың қалың жеріне таман барайық та...

Әйел. Жоқ, шырағым, ол жаққа бара алмаймын. Айтатының болса, осы жерде айт.

Жігіт. Бай-бай, жоқ жерде қарысасың-ау... Бұл жерден біреу-міреу көріп қалып жүре ме деймін.

Әйел. Көрсе, біздің ұрлығымыз жоқ қой.

Жігіт (әзілдеп күліп). Ұрлық деп... Жас адамдардың жүрген-тұрғаныңның бәрі ұрлық емес пе?!

Әйел (ұнатпай). Немене, мені тәлкек қылуға әкеліп пе едің? Көрінгенге қолжаулық болатын мұнда Маржан жоқ. Мен жасырын айтатын сөзім бар дегенге, бірдеме айтады екен десем, ойың басқа көрінеді ғой.

Жігіт (күліп). Басқа ойдан құдай сақтасын, сенің ойың менің ойым. Екі ойдың бір жерден шыққанына менің қарсылығым жоқ.

Әйел (жүзін суытып). Тәйт!.. Ол мазағыңды мен көтере алмаймын. Екіншілей менің жаныма жуушы болма. (Кете бастайды.)

Жігіт (сұрланып). Жаныңа жуитын адамың барын білеміз, бізді қайтейін деп едің.

Әйел. Кімім бар, айтшы. Бейпіл ауыздың сөзін қара.

Жігіт (ашуланып). Ау, сен неге шаптығасың?! Сенің тамырыңды білгенге жазықтымыз ба?

Әйел (жуасып). Білсең айт деп тұрмын ғой. Нақақтан неге күйдіресің кісіні...

Жігіт. Әмірқанды қайтесің? (Әйел төмен қарайды.) Бай атамның шырпысында сөйлесіп тұрғанында, мына мен үстіннен шыққан болармын. Бірақ замандас адам ғой деп аузымнан да шығарған жоқпын. Әйтпесе, байыңа айтқанда, бәлем, жон теріңнен таспа алатын еді!

Әйел (төмен қараған күйі). Байғұс-ау, құр сөйлескенге адам жазықты бола ма екен?

Жігіт. Құр сөйлесу ме, сүйіскендерің қайда?!

Әйел (күлімсіреп). Замандас адамның сүйіскені айып болушы ма еді?! (Әйел күлімсіреген соң жігіт те күлімсірей бастайды. Eптеп жақындап, әйелдің қолынан ұстайды.)

Жігіт (әйелге жақындай түсіп). Қой, араздықты тастайық. Жаңағы айтқан билігіңе мен ырзамын, замандаспыз ғой, бетіңнен бір сүйгізші!

Әйел (күлімсірей түсіп). Біреу келіп қалып жүрер. (Жігіт құшағына алып сүймекші болады. Әйел басын бұға береді... « Ұмсынай!» деген дауыс шығады. Әйел сескеніп.) Ойбай, ағаңның даусы ғой, жібер! (Жігіттің құшағынан босанып жүгіре жөнеледі.)

Жігіт. Бәлем, ыңғайыма келмей жүр едің, енді құтылмассың! (Шыға берем дегенде, екінші бүйірден болыс келіп шығады.)

Екінші көрініс

Байсалбай. Әй, қара бала, тоқта. (Жігіт қалшиып тұра қалады.) Не істеп жүрсің?

Жігіт. Жай, әншейін...

Байсалбай (жігітке тікіленіп қарап тұрып). Әлгі Ермактың қатыны ма?

Жігіт. Иә.

Байсалбай. Бар шақыр, осы араға келсін, болыс шақырып жатыр де!

Жігіт (апалақтап). Не деп айтам? Ұялам ғой.

Байсалбай. Ә... Ұяласың ба?! Жаңағы сүйіп тұрғаның ұялғандығың екен ғой! Шатаспа, барып шақырып кел. Егер сол әйелді әкеліп бермесең, менен жақсылық күтпе! (Жігіт желкесін қасып тұрып, шарасыз кетеді. Байсалбай түймесін ағытып желпінеді, қалтасынан шақшасын алып, насыбай атады). Уһ!.. Шаршадым-ау... Әлгі Жанұзақ байғұс тоқтысының етін қалдырмай асқан білем, самогонды да көбірек ішіп жібердім бе, қалай... (Ойланып.) Ойбай-ау, содьям бір жерде қылжиып құлап жатпаса игі еді? Өзі, жайына қарамай, арақ көрінсе, әкесінің құны қалғандай ішетін көрінеді. Ішіп алса, аузына не кіріп, не шыққанын білмейді. Соған барып қайтайыншы. (Тұрып кетеді. Сахна біразға шейін бос.)

Үшінші көрініс

Қоянбай мен Дәметкен кіреді.

Қоянбай (ызаланып). Ант ұрып кеткен, кежегеңнен кер тартып келе ме, бассайшы аяғыңды. (Өзі отырады.)

Дәметкен (ренжіп). Байғұс-ай, немене? Топтың ортасынан шақырып алып осынша оңашалағандай, айта алмай жүрген не бар еді ? Үй де жететін еді ғой...

Қоянбай. Әй, ант ұрып кеткен. Еш нәрсенің де жөнін білмейсің-ау. Менің күйіп-пісіп жүргеніммен жұмысы да жоқ.

Дәметкен. Сенен басқа жұрт күйіп-піспей-ақ жүр ғой.

Қоянбай. Ант ұрып кеткен-ау, неғып күймессің, сені екінші ауылға сот құруға барғанда, заседательдікке апарам деп отыр ана көзілдірікті «төре».

Дәметкен. Апарса, қайтер дейсің, барармын.

Қоянбай. Үй, атылып кеткеннің сөзін! Кілең жас жігіттердің арасында жүрер ме еді, ә?! Атылып кеткен! Сен сот болып кетіп, мен үйде баланды ырылдатып жұбатып отырсам-ау!..

Дәметкен (жыламсырап). Енді қайт дейсің, бармай-ақ қояйын!

Қоянбай. Ит-ау! Құр бармаймын дегенге жазып қойған соң көнер ме?! Оның басқа бір шарасын істеу керек қой.

Дәметкен. Не істе дейсің, айтшы!

Қоянбай. Әй, істей алмайсың ғой. Сөлекет сорлысың ғой, қазақтың қатыны неғып епті келетінін білмеймін.

Дәметкен (бұртиып). Епті қатын алсаң, мен саған қой дедім бе, қит етсе, жер-жебіріме жетеді де отырады.

Қоянбай. Жарайды, жарайды, ашуды қой, сен былай қыл: байдың үйіндегі көзілдірікті «төре» қазір ойынға келеді. Сол келген кезде, сен Жамалға барып, «төре жолығып кетсін деп тұр», — деп сыбырлап айта ғой.

Дәметкен. Қой,айта алмаймын.

Қоянбай. Неге?

Дәметкен. Өмірімде кісіге жеңге болып сөз айтып көргенім жоқ. Және, аюдай ақырған жеңгелері бар, сезіп қалып жүрсе, шаңымды аспаннан келтірер.

Қоянбай. Ант ұрып кеткен-ау, ептеп қана айтсаң неге білсін.

Дәметкен. Епті болсаң, өзің неге айтпайсың?

Қоянбай (күліп жібереді). Қызға сөз айту түгіл, мен сенен басқа әйелмен сөйлесіп көрдім бе екен.

Дәметкен. Әбден момақанси қалады, білмеген адамға айтсайшы.

Қоянбай. Жарайды, өткенді қоя тұрайық. Әуелі мына жұмысты бітіру керек. (Орнынан тұрып.) Мен қазір төрені ертіп келем. Біз келген кезде сен барып Жамалға айта ғой. (Шығып кетеді.)

Дәметкен (ренжіп). Сорлының басын шатып жүрген жұмысын қарашы. Мені алып қалу үшін шырайлымды құрбан қылмақшы! Мың жерден «төре» болса да, шырайлым оған айналып қарар ма... Айтқанмен көнбейді-ау... Көндіре алмасам үйге барған соң әлгі сорлы ұрып өлтіруден тайынбайды. Қайтейін, айтып көрейін. Ең болмаса мен үшін көрініп қана кет деп жалынармын. (Мұңайып шығып кетеді. Сахна бос. Алтыбақан тепкен қыздардың қосылып салған әні естіледі.)

Кім сорлы дүниеде, қыздар сорлы,
Қайғымен талай қызыл жүздер солды.
Желкілдек қызғалдақтай жас өмірге,
Кез болар әлдеқайда арам ойлы.
Күн қайда қарысатын бармаймын деп,
Ата-ана, жөнсіз тіліңді алмаймын деп.
Солып жүр талай-талай қызыл жүздер,
Мезгілсіз қайғы жетіп зарлаймын деп.
Дабыр, айқай сөздер естіледі.

Төртінші көрініс

Ақбан мен Жамал көрінеді. Ақбан алдыңғы жағында, басы жалаң бас, шашы қобырап кеткен, шапанының түймелері ағытулы. Өзі ыржаңдап, қалжыңдап келеді.

Ақбан. Әй, сен жақсы екенсің. (Жырқылдап күледі.) Талай қыздар көріп ем, сендей қыз көргем жоқ... Ну, енді... (Жырқылдап күледі. Мастықтан теңселеді, Жамал аң-таң.) Сен мені білесің ғой? (Жамал үндемейді.) Мен — содья, мен Ақбан—содья... Қазақтар атымды атауға қорқып «Көзілдірік» дейді. Мынау көзілдірікті көрдің бе? (Көзілдірікті көрсетіп.) Бұл алтын көзілдірік! Алтынды білесің ғой... Бізге алтын не пошом. Мына тісімнің бәрін алтыннан салдырып алайын деп едім... (Жырқылдап.) Әй, сен жақсысың ғой... Мен саған айтайын ба, менің қатыным болса, өзі сендей сұлу болса, үсті-басының бәрін алтынға малып қояр едім...

Жамал (күлімсіреп). Жана ғана бір сүгіретті «әйелімнің сүгіреті» деп көрсеткен жоқ па едіңіз?

Ақбан (кішкене дағдарып, жырқылдап күледі). Ойбай, сен нанып па едің, мен алдап айтқам, мен бойдақпын. Орыс-ноғайдың қыздары көшеде жүрсем, соңымнан қалмайды. «Мені ал»деп хат жазып мазамды кетіреді. Жоқ, мен оларды алмаймын. Мен қазақтан алам. Өзің сияқты сұлудың құшағына кірсем екен деймін... (Жамал «дәмесін қара!»дегендей теріс қарайды.) Әй,сен сұлусың ғой. Мен саған прямо ғашық болдым... Маған тиесің бе? (Жамалды құшақтамақшы болады.)

Жамал (тітіркеніп). Қойыңыз, мен кетем. (Қолын итеріп тастап кетпекші болады. Ақбан алдына шығып тоқтатады.)

Ақбан. Жоқ, кете алмайсың. Мен мазақтың адамы емес. Мен қазақтың жаман қызы түгіл, оқыған орыс, ноғай қызынан да жаман сөз естіп көргем жоқ. Ешқайсысы қолымды қағып көрген емес. Сен кімсің соншама?

Жамал (жәбірленіп). Маған не қыл дейсіз?

Ақбан. Маған тиесің. Мен алам! Мен содья. Маған, қазақтың жаман қыздары түгіл, оқыған орыс қыздары да тиеді.

Жамал. Сүймесе қалай алмақшысыз? Зорлап алуға заң көтере ме? Әйелге бостандық деп өздеріңіз айтып жүрген жоқсыздар ма?

Ақбан. Сүймесең қалай? Мені қалай? Сүймейді? Мен оқыған жігіт. Мен содья. Мен төре! Маған тиген қыз бақытты болады. Мен оны жібекке орап қоямын. Мені қалай сүймейді? (Жамалға қарап жырқылдап күледі.) Әй, сен жақсысың ғой! Мен сүйем. Жанымдай сүйем. Аяғыңа бас ұрамын. Аяғыңа басатын топырақ болайын... (Жата қалып Жамалдың аяғына бас ұрады. Жамал кетейін десе аяғын жібермейді.) Мен сүйем! Сен де сүйем деп айтпасаң, аяғыңнан басымды алмаймын.

Бесінші көрініс

Сахнаға Қасен кіріп келеді. Жамал қуанып кетіп, «Қасен», — деп ұмтылады. Жүгіріп Қасеннің құшағына кіреді. Ақбан Жамалдың кеткенін сезбей жата береді.

Ақбан (жатқан күйі). Мен содья. Мені қазақ қызы түгіл, орыс қызы да сүйеді. Мен қыздың құдайы. Көнбеген қызды... Маған ти, мен алам! Мен пүртекел істеп аристовайт қылудан тайынбаймын. Көнесің бе, жоқ па? (Басын көтеріп алады. Қыз жоқ. Аң-таң қалып артына бұрылып, қызды Қасеннің құшағында көреді. Ызғарланып.) Сен кім?

Қасен. Мен — мұғалім!

Ақбан. Мұнда неге келдің?

Қасен. Немене, содьялығың ұстап кетті ме? Басқа жерде тергегенмен, бұл жерде тергей алмайсың ғой...

Ақбан (ашулы). Тарт тілінді, иттің баласы, қазір атып тастармын! (Қалтасына қолын салғанмен мылтық таба алмайды.)

Қасен (Жамалды кейін қойып, Ақбанға қарай бір-екі басады). Саған не керек? Аузыңнан қанынды келтірейін бе! Содья болсаң, жайшылықта содьясың, арақты ішіп-ішіп алып, елдің қызын аңдысаң, саған мына мен қожа. Үкімет сені содья қылып сайлағанда, елді бүлдірсін, атқамінерлерді нөкер қылып ертіп алып күн¬түн арақ ішсін, кәріп-қасерлерді жылатсын деп сайлаған жоқ. Елге төңкеріс заңын орнатсын, ел кедейіне төңкеріс заңының пайдасын тигізіп, бұзықтарды, атқамінерлерді ауыздықтасын деп сайлап отыр. Үкіметтің тапсырған ісін аяққа басып, өз бетіңмен жайылатын болсаң, сені түзейтін тез бар. Үкімет тезінің алдына барғаныңды білмей де қаларсың.

Ақбан (одырайып жақындай түседі). Кетесің бе, жоқ па?

Қасен. Мен неге кетем?

Ақбан. Жүр былай. (Қыздың қолын ұстай берем дегенде, Қасен қолын қағып жібереді.)

Қасен. Жақындаушы болма, оңбайсың! (Жамал Қасеннің екінші жағына таман тұрады.)

Ақбан (ызаланып). Қоймадың ба, ә? Тоқтай тұр, бәлем! Сенің түбіңе жетпесем бе. Қазір пүртекел істеп, арестовайт еткізем. Осы жерден қозғалушы болма, сен арыстовын! (Шыға жөнеледі.)

Қасен (артынан айқайлап). Жарайды, кімнің арыстовын болғанын көрерміз!..

Алтыншы көрініс

Қасен мен Жамал.

Жамал (үрейленіп). Бірдеме істеп жүрер, кетсейші, ерегесіп қайтесің.

Қасен (жігерленіп). Істеп көрсін. Ойнайын деген екен, кеңес заңы мұндай иттердің ойыншығы емес. Кеңес заңы ешкімді нақақтан күйдірмейді. Заң әділ. Заң тура. Мен заңға сүйенем. Содьяның құдай болатын заманы бұл емес. Содья — ел еңбекшілерінің әділ қызметкері, үкімет заңын бұлжытпай орындаушы болу керек. Мыналар — бұзықтар. Бұлар тонын айналдырып киіп, мал табудың соңында жүрген адамдар. Былтыр келгенде елді бір сілкіндіріп кетіп еді, биыл тағы сонысын істеп жүр. Өкімет орындары мұның не істеп жүргенінен хабарсыз. Егер білсе, мұны бір минут те қоймас еді. Бұзықтық істегені үшін басын түрмеде шірітер еді... Ел де надан, ел жоқтан қорқады. Үкіметтің өзіне жақ екенін, үкіметтің кедей пайдасын көздейтінін ел әлі біліп болған жоқ. Осылардың бұзық ісін көріп отырса да ешқайсысы үндемейді, үндеуге бата алмайды. Әлі күнге баяғыдай әкімді құдай көреді. Құдіреттің бәрі әкімнің қолында деп біледі... Жоқ, қате, құдірет елде, ел еңбекшілерінің қолында, еңбекшілер ұнатпаса, қолайсыз деп тапса, қандай ірі орындағы әкімді де орнынан түсіре алады... (Жамалға қарап.) Сен қорықтың ба?

Жамал (күлімсіреп). Қ